jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Гүлмира Ерубаева
Контент-ресечер

Қазақстанда ЖОО-ларда оқу мерзімін үш жылға қысқарту ұсынылды: Бектеновтің жауабы

Студенттер
Студенттер. Иллюстрациялық фото: Europa Press/Getty Images

Премьер-министр Олжас Бектенов бакалавриат бағдарламаларын үш жылдық оқытуға көшіру туралы депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Депутаттың ұсынысы

Бұған дейін депутат Махамбет Хасенов қазақстандық бизнеске мамандар жетіспейтінін айтып, студенттердің оқу мерзімін қысқартуды ұсынған еді.

Депутаттың айтуынша, инвестиция тартып, зауыт салып, құрал-жабдық сатып алуға болады, бірақ оны іске қосатын маман болмаса, инвестициялар толыққанды экономикалық нәтиже бермейді.

Хасеновтің пікірінше, үш жылдық формат – бұл жай ғана бағдарламаны қысқарту емес, сол білім мен дағдыларды тиімдірек оқыту форматы арқылы меңгеру деген сөз.

Бектеновтің жауабы

Олжас Бектенов атап өткендей, халықаралық тәжірибеде бакалавриаттың әртүрлі модельдері қарастырылады, яғни үш жылдық та, төрт жылдық та бағдарламалар бар. Бұл ретте оқу ұзақтығы ұлттық білім беру жүйелерінің ерекшеліктеріне, білім беру бағдарламаларының мазмұнына және кәсіптік біліктілікке қойылатын талаптарға байланысты айқындалады.

"Қазақстанда білім беру процесін икемді түрде ұйымдастыруға заңнамамен жағдай жасалған, мамандарды даярлау сапасына қойылатын талаптар міндетті түрде сақталады", - делінген жауапта.

Премьер-министрдің айтуынша, басты фактор – оқу ұзақтығы емес, академиялық кредиттердің белгіленген көлемін меңгеру және білім беру бағдарламасында көзделген оқу нәтижелеріне қол жеткізу.

"Үш жылдық бакалавриат мәселелері заңнамамен реттелген. Бұл формат білім беру бағдарламасын механикалық түрде қысқарту ретінде емес, кадрларды даярлау сапасына нұқсан келтірмей, оқу процесін неғұрлым икемді ұйымдастыру мүмкіндігі ретінде қарастырылуы мүмкін.

Сонымен бірге оны қолдану мүмкіндігі даярлау бағытының ерекшелігіне байланысты. Атап айтқанда, академиялық кредиттердің ұлғайтылған көлемін, міндетті практикалық даярлықты және арнайы біліктілік талаптарын көздейтін бағдарламаларды жеке қарау қажет", - деп қосты Бектенов.

Премьер-министрдің сөзінше, кәсіби дағдыларды қалыптастыру ұзақ әрі жүйелі теориялық және практикалық дайындықты талап ететін салаларға ерекше тәсіл қажет. Бұған медицина, ветеринария, өнер, сондай-ақ кейбір педагогикалық, жаратылыстану, инженерлік-техникалық және гуманитарлық бағыттар жатады.

Сондай-ақ Бектенов қазіргі уақытта кейбір жоғары оқу орындарында сұранысқа ие бағыттар бойынша (компьютерлік ғылымдар, киберқауіпсіздік, үлкен деректерді талдау, бағдарламалық инженерия, ақпараттық жүйелер мен жасанды интеллект, цифрлық құқықтану, бизнес-талдау және маркетинг) оқу процесін триместрлік негізде ұйымдастыру тәжірибесі қалыптасқанын атап өтті. Бұл формат бойынша барлығы 16 мыңнан астам студент білім алып жатыр.

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram