"Есіл бір түнде құрғап қалды": өзендегі су деңгейінің төмендеуі тұрғындарды алаңдатты (видео)
Жарияланған күні:

Астана тұрғындары Есіл өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендегеніне назар аударды. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода әдеттегі су айдынының орнына арнасының едәуір бөлігі ашылып, тек кей тұстарында ғана су қалғаны көрінеді. Кадрлар қала тұрғындары арасында қызу талқыланыып жатыр. Елорда әкімдігі өзеннің таяздануына не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Instagram желісінің қолданушысы жариялаған видеода көпқабатты тұрғын үйлердің ортасындағы өзен бөлігі бейнеленген. Әдетте су басып жататын аумақтың едәуір бөлігі ашылып қалған.
Арнаның кейбір ойпаң тұстарында ғана шағын су жиналған жерлер сақталған. Ал жағалау бойынан ылғалды топырақтың кең аумақтарын көруге болады.
Елорда әкімдігінің түсіндіруінше, Есіл өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне құрылыс жұмыстары себеп болған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Құрылыс басқармасы Есіл өзенінде бесінші кезектегі су реттегіш бөгетті салу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізген.
"Қала Құрылыс басқармасы Есіл өзенінде бесінші кезектегі су реттегіш бөгетті салу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізді. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталды, енді су деңгейін көтеру басталады", – деп хабарлады Астана әкімдігінің өкілдері.
Алайда әкімдік ұсынған түсініктемеде су деңгейінің толық қалпына келетіні нақты қашан болатыны және таязданған аумақтың қайта суға толуына қанша уақыт қажет екені айтылмаған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2447238-esil-bir-tunde-qurgap-qaldy-ozendegi-su-denggeiining-tomendeui-turgyndardy-alangdatty-video/