jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

"Сапарды кейінге қалдырған жөн": ТЖМ Қазақстан жүргізушілеріне үндеу жасады

Қыс
Қыс. Көрнекі сурет: NUR.KZ / Владимир Третьяков

ТЖМ қазақстандық жүргізушілерге ауа райының суытуына байланысты бірқатар кеңес берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап хабарлады.

Ведомство сайтындағы ақпаратқа сәйкес, күн суыта бастаған кезде жүргізушілер автокөлікті қысқы кезеңге дайындауға ерекше назар аударып, жол жүру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы қажет. Қар жаууы, көктайғақ, боран және көріну қашықтығының күрт төмендеуі жолдағы жағдайды едәуір қиындатуы мүмкін.

"Жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жол жағдайын тексеру ұсынылады. Дауылдық ескерту жарияланып, жол қозғалысына шектеулер енгізілген жағдайда сапарды кейінге қалдырып, қауіпсіз жерде қалған жөн. Жолдардың жабылуы мен қозғалысқа қойылған шектеулер туралы ресми ақпарат көздерінің хабарламаларын да қадағалау қажет. Жоспарланған істі орындау үшін өз өміріңізді қатерге тігудің қажеті жоқ", - делінген ТЖМ хабарламасында.

Ауа райы жолға шығуға мүмкіндік берсе, автокөліктің техникалық жағдайын тексеру қажет. Сапар алдында жақындарыңызға жүретін бағытыңыз бен межелі жерге шамамен қай уақытта жететініңізді хабарлаңыз. Әсіресе алыс жолға шығатын болсаңыз, мүмкіндігінше жанармай қорын толықтырып алыңыз.

Қыс мезгілінде күтпеген жағдайларға дайын болу үшін автокөлікте қажетті заттар мен жабдықтардың болғаны маңызды. Жүксалғышта мына заттарды ұстау ұсынылады:

  • қосымша жанармай қоры
  • қосалқы батареялары бар қолшам
  • сүйреткіш арқан
  • алғашқы медициналық көмек қобдишасы
  • телефонға арналған қуаттағыш немесе сыртқы аккумулятор
  • жылы киім
  • ауызсу
  • азық-түлік және шағын күрек.

"Жолда басқа да төтенше жағдай туындаса, мүмкіндігінше қауіпсіз жерге тоқтап, авариялық жарық сигналын қосыңыз және жол қозғалысы қағидаларына сәйкес көлікті белгілеңіз. Қажет болмаса, көлікті тастап кетпеңіз. Оқиға туралы 112 нөмірі арқылы шұғыл қызметтерге хабарлаңыз", - деп қосты министрлік өкілдері.

ТЖМ жүргізушілерді автокөлікті қысқы маусымға жауапкершілікпен дайындауға, ауа райы жағдайын ескеруге және өз өмірі мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге шақырды.

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram