"5 млн теңгеге дейінгі несиелер есептен шығарылады": мамандар TikTok-тағы күмәнді видеолар туралы ескертті
Жарияланған күні:

TikTok-та 18 жастан асқан қазақстандықтардың 5 млн теңгеге дейінгі несиелері мен айыппұлдары бір сәтте кешіріліп, есептен шығарылатынын айтып, уәде беретін бейнероликтер таралды. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл күдікті видеоны жан-жақты зерделеп, бірнеше қауіп белгілерін анықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы TikTok-та таралған видео авторлары ақпараттың шынайылығына сендіру үшін мемлекеттік рәміздерді пайдаланып, профиль сипаттамасындағы көрсетілген сілтемеге өтуге шақыратыны ескертті.
Орталық мамандарының айтуынша, бұл күмәнді сілтеме жан-жақты зерделеніп, одан бірнеше қауіп белгілері анықталды.
Сайт ресми әлеуметтік көмек көрсететін сервис ретінде ұсынылған. Пайдаланушыдан туған жылын көрсету сұралады. Одан кейін оның бағдарлама шарттарына сәйкес келетіні хабарланып, Telegram желісіне өтуге бағыттайды. Ал кері санақ таймері уақыттың шектеулі екенін алға тартып, пайдаланушыны асығыс шешім қабылдауға итермелейді.
"Telegram-да авторизацияны растаған пайдаланушы іс жүзінде бөгде адамдарға өз аккаунтына, жеке хат алмасуларына және оған байланысты деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді", - деп ескертеді мамандар.
Техникалық тексеріс кезінде тағы бірнеше белгілерді анықтады:
- VirusTotal: LevelBlue сервисі ресурсты Phishing (фишинг), ал alphaMountain.ai мен Fortinet-ті Spam (спам) ретінде жіктейді.
- Доменнің тіркелген мерзімі: талдау көрсеткендей, тексеріс кезінде аталған домен шамамен небәрі 17 күн бұрын тіркелген. Бұл дерек өздігінен алаяқтық әрекетті толық дәлелдемейді. Алайда басқа белгілермен бірге қарастырғанда үлкен күдік тудырады.
- аталған белгілер мемлекеттік көмек алу сылтауымен жасалатын фишингтік алаяқтық қаупі бар екенін көрсетеді.
Күмән туғызатын сайтты қалай анықтауға болады
- Домен атын мұқият тексеріңіз. Қазақстанның ресми мемлекеттік ресурстары тек .gov.kz домендік аймағын пайдаланады. Ал басқа да көптеген ресми ұйымның сайттары негізінен .kz аймағын қолданады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың сайт атауларында көбіне қазақ тіліндегі сөздер мен олардың қысқартылған нұсқалары латын әріптерімен жазылады.
- Бейтаныс домендік аймақтарға назар аударыңыз. Егер сайт атауы мысалы .cfd, .xyz, .top немесе .click сияқты бейтаныс домендік аймақтармен аяқталса, оны мұқият тексерген жөн.
- сайттың сыртқы көрінісіне ғана сенбеңіз. Сайтта мемлекеттік рәміздер, логотиптер мен қорғалған қосылым байланыс белгілерінің болуы оның мемлекеттік органға тиесілі екенін ешқашан растамайды.
- уәделердің шынайылығын тексеріңіз. Несиелер мен айыппұлдарды есептен шығару туралы қандай да бір ақпарат тараса, оны тек мемлекеттік органдардың ресми ақпарат көздерінен қараңыз.
- күмәнді авторизацияны растамаңыз. Егер сілтеменің немесе қосымшаның қайдан шыққанына және кімге қандай құқық беріп жатқаныңызға сенімді болмасаңыз, Telegram және басқа да жеке аккаунттарыңызға рұқсат бермеңіз.
- егер күмәнді сілтеме арқылы кіріп қойған болсаңыз, Telegram параметрлеріне кіріп, белсенді сеанстарды тексеріңіз, бейтаныс құрылғыларды өшіріңіз және екі кезеңді аутентификацияны қосыңыз.
"Алаяқтар азаматтарды өз айласына түсірудің әр кезеңін мұқият ойластырады. Олар қарыздарды есептен шығаруға, қаржылай көмек көрсетуге уәде береді немесе қоғамдағы өзекті мәселелерді пайдаланып, адамдардың сеніміне кіруге және оларды өздеріне қажетті әрекеттерге итермелеуге тырысады. Сырт көзге сенімді көрінетін мұндай жарияланымдардың артында азаматтардың жеке деректері мен аккаунттарына қол жеткізуді көздейтін фишингтік схемалар жасырынуы мүмкін. Сондықтан құрғақ уәделерге сенбей, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріп, күмәнді сілтемелер мен аккаунтқа кіруге рұқсат беру туралы сұрауларға мұқият қараған жөн", - дейді мамандар.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2448150-5-mln-tenggege-deiingi-nesieler-esepten-shygarylady-mamandar-tiktok-tagy-kumandi-videolar-turaly-eskertti/