Көкшетауда бір жанармай құю бекетінен бензин құйған көліктер жолда қалып қойған
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бір жанармай құю бекетінен бензин құйған автокөліктер жолда сыр беріп, тоқтап қалды – жүргізушілер жөндеу жұмыстарына шығындалуға мәжбүр. Мамандар отыннан су мен қоспалар тапқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "31 арнаға" сілтеме жасап.
Жүргізушілердің сапасыз отынға қатысты шағымы Көкшетау пабликтерінде пайда болды.
Ондағылардың айтуынша, Зеренді тасжолына шыға берістегі бекеттердің бірінен жанармай құйып шыққан бірнеше көлік жолда тоқтап қалған. Жүргізушілер қалаға дейін жаяу барған.
Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жанармай құю бекеті өкілдері берген ақпаратқа сәйкес, 15-ке жуық көлік зардап шеккен болуы мүмкін. Алайда куәгерлер олардың саны одан да көп болғанын айтады.
"Көрсетілген барлық көлік отын жүйесін тазарту бойынша қажетті жұмыстарды жүргізу үшін техникалық қызмет көрсету станцияларына жіберілді. Көлік құралдарының иелеріне автожанармай құю станциясы басшылығының келтірілген залалды өтеу жөніндегі міндеттемелерін растайтын кепілдік хаттар берілді", - деді кәсіпкерлік бөліміндегілер.
Бұл ретте жүргізушілер оқиға туралы естігендерін, бірақ бәрібір жанармай құюға тура келетінін айтады.
Техник-механик Евгений Мурыгин сапасыз отынға қатысты жанжалдан кейін салдарымен күресуге мәжбүр болған. Зардап шеккен көліктердің арасында олардың ЖШС көлігі де бар.
Оның айтуынша, отыннан бөгде қоспалар мен су табылған.
"Жүргізушілер үшін оның салдары өте өкінішті, қозғалтқыштар мен отын жүйесіне күрделі жөндеу қажет. Кімге қалай бұйырады. Біреулердің көлігі бірден тоқтады, ал біреулерде мәселе біраз жүргеннен кейін анықталып жатыр", - деді Евгений.
Ал мамандар күз мезгілінде температураның ауытқуы кезінде цистерналарда конденсат түзілуі мүмкін екенін, яғни шық нүктесін де естен шығармау керектігін баса айтуда.
Телеарна мәліметінше, Көкшетаудағы бензиннен зардап шеккендер көп болуы мүмкін, бірақ тек 15 адам ғана дәл осы станциядан жанармай сатып алғанын растай алған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2448656-kokshetauda-bir-zhanarmai-quiu-beketinen-benzin-quigan-kolikter-zholda-qalyp-qoigan/