"Құрғақ уәде, құр қағаз". Оралда 76 отбасы қашан құлары белгісіз үйде тұрып жатыр
Жарияланған күні:

Оралда тұтас бір ықшам аудан тұрғындары апатты үйлерден көшіруді талап етіп отыр. Қабырғасы қақырап, төбесі опырылуға шақ қалған қосқабатты баспаналарда өмір сүру күн өткен сайын қауіпті болып барады. Үйінді астында қаламыз ба деп үрейленген кейбір отбасы жалдамалы пәтерге көшіп кеткен. Тұрғындар билікке бес жылдан бері шағымданып келеді. Алайда мәселе әлі шешімін таппай отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Жанна Быкова жазда ғана пәтерін жөндеген. Жапсырған тұсқағаздары екі айға жетпей жыртылып қалыпты. Тіпті қабырғалар көрші пәтерге қарай қисайып бара жатқан көрінеді. Ескі қосқабатты үйлердің тұрғындары мұнда өмір сүрудің өзі қорқынышты дейді. Ал шенеуніктер жылдар бойы халықты көшірудің орнына, мәселенің шешілмеуіне түрлі себеп айтып келіпті.
"Өміріміз үшін қорқамыз. Жыл сайын жағдай нашарлап барады. 2021 жылдан бері ресми түрде өтініш жазып келеміз. Оған дейін де әкімдікке барып, мәселені айтып жүрдік. Бірақ содан бері жауаптың бәрі бір сарынды. Құрғақ уәде мен құр қағаз!", - дейді Жанна Быкова.
Гагарин көшесіндегі үш үй мен көршілес тағы үш баспананың салынғанына жетпіс жылға жуықтаған. Тұрғындар қирап жатқан үйлерін шамалары келгенше өз күшімен жөндеп жүр. Алайда қабырғасы сөгіліп, опырылып жатқан ғимаратты жөндеудің пайдасы жоқ екенін өздері де түсінеді. Одан бөлек су жиі тоқтайды, электр сымдары тұйықталып, кәріз жүйесі де дұрыс жұмыс істемейді.
"Үйлердің қасбетін бояйды да, кварталдың ішіне ешкім қарамайды. Әр пәтерге кіріп, көрсе ғой. Адамдардың қалай өмір сүріп жатқанын өз көздерімен көріп, жағдайын сезінсе екен", - дейді тағы бір тұрғын Валентина Шарова.
Осындағы алты үйдегі 76 отбасы қоныс аударуды күтіп отыр. Басында тұрғындар мәселені жеке құрылыс компаниялары шешіп береді деп үміттенген. Алайда инвесторлармен жасалған келісімдер бірнеше рет жүзеге аспай қалған.
Қала әкімдігінің түсіндіруінше, бұрынғы бас жоспар бойынша бұл аумақта үш қабаттан биік ғимарат салуға рұқсат болмаған. Сондықтан құрылыс компаниялары тиімсіз деп жобаға қызықпапты. Оның үстіне инженерлік желілерді тартуға да қомақты ақша керек. Енді мәселе бұл аумақта көпқабатты үйлер салуға рұқсат берілген жағдайда ғана шешілуі мүмкін.
"Қазір бас жоспарға түзетулер енгізу мәселесі министрлікте қаралып жатыр. Ол келісіліп, бекітілгеннен кейін бұл аумақта 9-дан 12 қабатқа дейінгі көппәтерлі тұрғын үйлер салуға рұқсат беріледі. Содан кейін осы жер теліміне инвестор тартуға мүмкіндік туады", - дейді Орал қаласы әкімдігінің тұрғын үйді реновациялау секторының меңгерушісі Атабек Жәнібеков.
Дегенмен ескі үйлердің қашан сүрілетіні әзірге белгісіз. Ал тұрғындар сол күнге дейін баспаналары опырылып ортасына түспесе екен деп алаңдап отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2449161-qurgaq-uade-qur-qagaz-oralda-76-otbasy-qashan-qulary-belgisiz-uide-turyp-zhatyr/