Учаскелік дәрігерлердің жалақысын 40 пайызға дейін көтеру: Бектенов тиісті министрліктерге тапсырма берді
Жарияланған күні:

Үкімет отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын жүзеге асыру бойынша премьер-министр Олжас Бектенов денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, алғашқы медициналық көмекті жаңғырту және медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеуді арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 70 денсаулық сақтау объектісінің, соның ішінде 8 перинаталдық орталық пен 9 көпсалалы балалар ауруханасының құрылысын уақытылы аяқтап, пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар балаларды жан-жақты медициналық-оңалту көмегімен қамтамасыз ету үшін Ұлттық балаларды оңалту орталығының жаңа үлгілік өңіраралық филиалдарын салу мәселесін пысықтау қажет екені айтылды.
"Бұл ретте инфрақұрылымды дамыту медициналық көмек жүйесінің, ең алдымен алғашқы буындағы көмек көрсету жүйесінің тиімділігін арттырумен қатар жүргізілуге тиіс. Аурулардың профилактикасына және оларды ерте анықтауға баса назар аудара отырып, алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек жүйесін жаңғыртуды тапсырамын", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жалпы практика дәрігерлерінің клиникалық шешімдер қабылдауға, диагностикалық зерттеулерді дербес тағайындауға қатысты өкілеттіктерін кеңейту қажеттілігі атап өтілді.
Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне үшжылдық бюджет жобасында келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік дәрігерлер мен медициналық персоналдың жалақысын 40 пайызға дейін көтеруге арналған шығыстарды көздеу тапсырылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2449395-uchaskelik-darigerlerding-zhalaqysyn-40-paiyzga-deiin-koteru-bektenov-tiisti-ministrlikterge-tapsyrma-berdi/