jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Эльмира Асқарқызы
Аға журналист

"Шаршадық": 30 жылдан бері жол азабын тартып отырған Атырау тұрғындары жанайқайын айтты

Атырау
Атырау тұрғындары. Видеодан кадр: КТК телернасы

Атыраудағы Ақсай ықшамауданы тұрғындары инфрақұрылымның ақсап тұрғанын айтып шағымданды. Көшіп келгеніне 30 жылдан астам уақыт өтсе де, тұрғындар жол азабын тартып отырғанын айтады. Жылдар бойы жол сұрап, табалдырық тоздырған жұрттың бүгін шыдамы таусылған. Олар жергілікті биліктен құрғақ уәде емес, нақты нәтиже талап етті, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

Телеарна тілшілерінің хабарлауынша, Атырау қаласы Ақсай ықшамауданы тұрғындарының жергілікті билікке назы көп. Айтуларынша, 2022 жылдан бері жол салу мәселесі шешіледі деген уәде беріп келген. Бірақ еш нәтиже жоқ. Жауын-шашында көшелер батпаққа айналып, қарапайым қатынастың өзі азапқа ұласатын көрінеді.

"Өте қиын, балалар мына тақтаймен шығады. Қазір құрғақ. Мына тұрған мектебіміз 570 метр, соған жету балаларға өте қиын, үлкен кісілер бірдеңе етіп шығып жатыр. Қазір құрғақ болып тұр. Жақсы, бірақ ертең жаңбыр басталып, наурызға дейін балаларымыз сабаққа баруды қояды, оны таситын ата-анаға да қиын. Бес жылдан бері осы жолдың әңгімесі бітпеді. Біресе "құжаты бітпей жатыр" дейді, біресе "ақша аударылмай жатыр" деп жауап береді", - дейді Мұрат Құспанов.

Жол азабын тартқан алты бірдей көшенің тұрғындарының айтары бір. Әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балалар мен қарттарға қиын. Тұрғындар жедел жәрдем көлігі балшықтан көшеге кіре алмай, әлек болатынын айтады.

"Қара балшық. Аяғымызды алып жүре алмаймыз. Жасым жетпіске келгенге құлап-сұлап жатамыз. Одан қалды, менің ауру балам бар. Ерекше баламды машинаға мінгізе алмаймыз, түсіре алмаймыз. Жедел жәрдем шақырсақ, анау жақта тұрады, мен ана жақта тұрамын. Қалай келу керек? Біз айта-айта шаршадық, барып та шаршадық", - дейді Гүлсім Мақұлова.

Жолға жауапты бөлім басшысы 2027 жылы құрылысын бастаймыз деп тағы да уәде етті.

"2027 жоспарына енгіздік, ұсыныс бердік. Оны облыс әкімінің өзі қолдады. 2027 жылы мердігер мекемесін анықтап, көктемде облыс әкімінің өзі де уәдесін берді. 2027 жылы осы Ақсайда жол салу жоспарланып отыр", - дейді Атырау қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Хайнуллаев.

Наразы тұрғындардың талабы жолмен ғана шектелмеді. Айтуларынша, ықшамауданда халықтың тыныс-тіршілігін қиындатып отырған мәселелер жылдар бойы қордаланған. Балабақша мен аялдаманың жоқтығы, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көліктің тапшылығын шешуді талап етті.

Дереккөз: КТК

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram