Алматыда Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы қонақүй ғимараты сатылды: бағасы белгілі болды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қайрат Сатыбалдыұлының Алматыға берген бұрынғы қонақүй ғимараты бірнеше сәтсіз талпыныстан кейін электронды саудада 12,3 млрд теңгеге сатылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
e-Qazyna.kz электронды сауда порталында Алмалы ауданы, Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан қонақүй кешенінің сатылғаны көрсетілген. Мәміле сомасы – 12 384 291 448 теңге.
Жарияланған мәліметке сәйкес, кешеннің жалпы аумағы 16 мың шаршы метрден асады. Ғимараттың бастапқы бағасы 38,2 млрд теңгеден астам болса, кепілдік жарнасы 1,9 млрд теңгеден, ал ең төменгі бағасы 8,9 млрд теңгеден жоғары деп көрсетілген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 2023 жылғы тамызда сыйға тарту шарты негізінде қонақүй ғимараты мемлекет меншігіне өткенін хабарлаған еді. Сол жылдың қыркүйегінде нысан Сот әкімшілігі департаментінің теңгеріміне берілді.
2026 жылғы 9 қыркүйекте департаменттің Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған бұрынғы қонақүй ғимаратын электронды сауда порталына шығарғаны белгілі болды. Ол кезде бастапқы бағасы 12,7 млрд теңгеден сәл асқан еді. Алайда бірде-бір қатысушы тіркелмегендіктен, алғашқы сауда-саттық өтпей қалды.
Қазан айында Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті қонақүй кешенін қайтадан саудаға шығарды. Бұл жолы нысанның бағасы 3,2 есе өсті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2450090-almatyda-qairat-satybaldyulynyng-buryngy-qonaqui-gimaraty-satyldy-bagasy-belgili-boldy/