Ақтөбе облысының түкпіріндегі ауылда оқушылар қирағалы тұрған көпір арқылы мектепке баруға мәжбүр
Жарияланған күні:

Ақтөбе облысындағы Сөгәлі елді мекенінде тұрғындар қирағалы көпір арқылы көрші ауылға қатынауға мәжбүр. Ескі көпірдің зардабын әсіресе оқушылар тартыып отыр. Көрші ауылға қатынап оқитын оқушылар құлағалы тұрған өткел арқылы күніне төрт рет қатынауға мәжбүр. Көктемде шағын көпірді де су басып, мұндағы оқушылар сабақты айлап қашықтан оқиды. Ал шенеуніктер бюджет ақшасына бұл жаққа көпір салу тиімсіз деп отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Қобда ауданына қарасты Сөгәлі ауылы көршілес Ресей шекарасына ең жақын орналасқан елді мекеннің бірі. Бұрын мұнда елу шақты шаңырақ болса, қазір небәрі он бес үй ғана. Ауылдағы жалғыз мектеп жабылғалы көбісі көшіп кеткен. Сөгәлідегі он шақты бала енді көршілес Қоғалы ауылындағы мектепке қатынап оқиды. Оларды тасымалдайтын көлік Қобда өзеніндегі қолдан салынған өткелмен өтеді. Ата-аналар "көлік өзенге ауып кетпесе екен" деп, күн сайын иманымызды үйіріп отырамыз дейді.
"Асты түсіп жатыр. Тіпті жеңіл машина көпірден өткеннің өзінде қорқыныш бар. "Газельмен" балаларды тасиды. Сонда да қорқып отырамыз. Сол көпірді жасап берсе, қалған ештеңе сұрамаймыз", - дейді ауыл тұрғыны Ақерке Арзақұлова.
Сөгәлі тұрғындары сұрарымыз — жалғыз көпір деп отыр. Суды құдықтан ішеді. Қи ойып, жаз бойы отын жинайды.
Көршілес Қоғалы ауылы тұрғындары да көпір мәселесіне атқа мінерлер көңіл бөлсе деп тілейді. Себебі күн көрісі малға қараған қоғалылықтар шабындықтан шөп тасу да қауіпті, трактор да құлағалы тұрған өткелмен өтеді.
" Осы ауылдың мал азығы тоқсан пайызы арғы беттегі шабындықтан. Біздің бетте шабындық жоқ. Осы ауылда отыз үй бар. Бәрінің азығы арғы беттен келеді. Мына көпір бізге өте қажет", - дейді тағы бір тұрғын Мауыт Тассаев.
Ал шенеуніктер халық санының аздығына байланысты көпір салуға қазынадан ақша бөлу "тиімсіз" деп отыр. Сондықтан қалтасы қалың кәсіпкерден көмек сұрап жүр.
"Қоғалы мен Сөгәлі ортасындағы көпірдің мәселесін білеміз. Ауыл тұрғындарының арыздары бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Қазір бұл мәселе бойынша бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Болашақта алдағы уақытта демеуші арқылы шешетін боламыз", - деп пікір білдірді Қобда ауданы әкімінің орынбасары Қанат Мыңбаев.
Сөгәлі мен Қоғалы ауылдырын бөліп жатқан Қобда өзеніндегі өткелдің әзір жаңара қоюы екіталай. Көпір салып беруге ниетті демеушілер осы уақытқа дейін табылмапты.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2450193-aprgsh/