Павлодарда зейнеткер қараусыз қалған жерді 10 жыл бойы күтіп-баптап жүріп, сот арқылы меншігіне алды
Жарияланған күні:

Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты он жылдан астам уақыт қараусыз қалған саяжай учаскесін күтіп-баптап, оны жеке меншігіне рәсімдеуге тырысқан 75 жастағы тұрғынның талабын қанағаттандырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, даулы жер учаскесі 2003 жылы бастапқы иесі, ал 2016 жылы мұрагерлерінің бірі қайтыс болғаннан кейін іс жүзінде иесіз қалған.
2025 жылға дейін жер учаскесі екінші мұрагердің атына тіркеліп тұрған. Кейін ол иесіз мүлік деп танылып, қаланың коммуналдық меншігіне өткен.
Қараусыз қалған учаскені байқаған зейнеткер саяжай кооперативінің келісімімен оны қалпына келтіруге кіріскен. Ол аумақты тазалап, су ақысын тұрақты төлеп, өнім өсіріп, он жылдан астам уақыт бойы жерді күтіп-баптаған.
Кейін ер адам учаскені жеке меншігіне рәсімдеуге өтініш берген. Алайда уәкілетті орган жергілікті зауыттың санитариялық-қорғау аймағында орналасқанын алға тартып, одан бас тартқан.
Іс мән-жайын зерделеген сот уәкілетті органның ұстанымында сәйкессіздіктер бар екенін анықтады. Санитариялық қағидаларға сәйкес, санитариялық-қорғау аймақтарында жаңа бау-бақша серіктестіктерін құруға тыйым салынады. Алайда даулы саяжай алқабы 25 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді және жаңадан құрылған нысан емес.
Сонымен қатар жауапкерлер мен мүдделі тұлғалар саяжай кооперативінің бұл аумақта ұзақ уақыттан бері бар екенін жоққа шығармаған. Бұған қоса уәкілетті орган бұған дейін осы кооператив аумағындағы басқа жер пайдаланушыларға учаскелерді жеке меншікке бергені анықталды.
Сот істі қарау қорытындысы бойынша зейнеткердің талабын толық қанағаттандырды. Уәкілетті органға қолайлы әкімшілік акт шығарып, сұралған жер учаскесін ер адамның жеке меншігіне беру міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Осылайша зейнеткер көп жылғы еңбегінің нәтижесін сақтап, өз учаскесін әрі қарай күтіп-баптай алады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2450688-pavlodarda-zeinetker-qarausyz-qalgan-zherdi-10-zhyl-boiy-kutip-baptap-zhurip-sot-arqyly-menshigine-aldy/