jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Гүлмира Ерубаева
Контент-ресечер

Қазақстанда Үміттен кейін Амур атты жолбарыс та табиғатқа жіберілді (фото)

Амур атты жолбарыс
Амур атты жолбарыс. Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

31 қазанда "Іле-Балқаш" резерватында Амур атты аталық жолбарыс табиғи ортасына жіберілді, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Комитеттің мәліметінше, ол – Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа жіберілген екінші жолбарыс.

Қазақстанда 70 жылдан астам уақыт бойы жолбарыс кездеспеген еді. Енді табиғи экожүйені қалпына келтіру бағытындағы көпжылдық жұмыстың нәтижесінде бұл жыртқыштар тарихи мекеніне біртіндеп қайта оралып жатыр.

Амурды табиғатқа жіберу сәті
Амурды табиғатқа жіберу сәті. Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

"Биыл 31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілген болатын. Ал бүгін біз екінші жолбарысты – Амур есімді аталықты табиғи ортаға шығардық. Бұл тарихи оқиға – ұзақ жылдар бойы бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесі. Осы орайда бағдарламаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы мен тікелей қатысқаны үшін Ресей тарапына, әсіресе "Амур жолбарысы" орталығы мен оның мамандарына ерекше алғысымды білдіремін.

Сондай-ақ Қазақстанның табиғи экожүйелерін қалпына келтіруге және жолбарыстардың оралуына қажетті жағдай жасауға көп жылдан бері үлес қосып келе жатқан Дүниежүзілік табиғат қорына және барлық серіктестерімізге ризашылығымды жеткіземін. Біздің басты мақсатымыз – осы жыртқыштарды тарихи мекеніне қайтарумен ғана шектелмей, олардың табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты популяциясын қалыптастыру", - деді экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров.

Амур атты жолбарыс
Амур атты жолбарыс. Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Комитет өкілдерінің хабарлауынша, Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Амур "Іле-Балқаш" резерватының арнайы жабдықталған бейімдеу қоршауында болған. Осы уақыт аралығында мамандар оның жағдайын тұрақты бақылауда ұстаған.

Амур атты жолбарыс
Амур атты жолбарыс. Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

"Табиғатқа жіберілер алдында жолбарыс кешенді ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтті. Мамандар оның денсаулығын, аң аулау дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін, сондай-ақ адамға қатысты мінез-құлқын бағалады.

Сынақ нәтижелері Амурдың табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайын екенін растады. Алдағы уақытта оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін бақылау үшін жолбарысқа спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды", - деп нақтылады ведомство.

Амур атты жолбарыс
Амур атты жолбарыс. Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, жолбарысты табиғатқа жіберу туралы шешім оның денсаулығы, мінез-құлқы мен аң аулау қабілеті жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана қабылданады. Жолбарыстар табиғатқа жіберілген соң да мамандар олардың қозғалысын, жаңа ортаға бейімделуін тұрақты бақылауды жалғастырады.

Амур атты жолбарыс
Амур атты жолбарыс. Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

"Бұған дейін табиғи ортаға жіберілген Үміт есімді аналық жолбарыс резерват аумағын біртіндеп игеріп келеді. Ол өздігінен аң аулайды, ал қозғалысы спутниктік қарғыбау арқылы бақыланады. Үміттің жабайы табиғатқа бейімделуі сәтті өтіп жатыр.

Ересек жолбарыстармен бірге Қазақстанға жеткізілген екі жолбарыс күшігі әзірге мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Олар қажетті жасқа жетіп, тиісті ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өткеннен кейін әрқайсысын табиғатқа жіберу мүмкіндігі жеке қаралады", - деді мамандар.

Естеріңізге сала кетейік, биыл мамырдың соңында Экология министрлігі Ресей Қазақстанға төрт амур жолбарысын – екі ересек дарақ және жолбарыстың екі төлін бергенін мәлімдеген еді. Олар Хабаровск өлкесінің жабайы табиғатынан ұсталып, елге жеткізілген.

10 маусымда Экология министрлігі аталық жолбарысқа – Амур, аналық жолбарысқа – Үміт, еркек күшікке – Тұран, ұрғашы күшікке – Уссури деген атау берілгенін нақтылады.

Ал тамыз айында Үміт атты аналық амур жолбарысының Қазақстанның табиғи ортасына жіберілгені белгілі болды.

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram