Алматыда Dostyk Plaza сауда орталығынан адамдар шұғыл эвакуацияланды: себебі неде
Жарияланған күні:
Читать на русском
Әлеуметтік желіде Алматыдағы Dostyk Plaza сауда және ойын-сауық орталығынан келушілердің эвакуацияланғаны түсірілген кадрлар тарады. Сауда орталығының әкімшілігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстандықтар Threads желісінде Алматыдағы Dostyk Plaza сауда және ойын-сауық орталығына келушілерді кіргізбей жатқанын жазды.
"Dostyk Plaza-да не болды? Барлық есік жабық, ешкімді кіргізбей жатыр. Не болғанын кім біледі?" - деп жазды revel_buyer есімді қолданушы.
Сондай-ақ Telegram-дағы ZTB News арнасында сауда кешенінен келушілердің эвакуацияланғаны түсірілген видео жарияланды.
"Сауда-ойын-сауық орталығының келушілеріне эвакуация туралы хабарлаған. Куәгерлердің айтуынша, ғимаратқа кіретін есік жабылып, оқиға орнына полиция қызметкерлері мен кинологтар келген", - делінген жарияланымда.
Сауда-ойын-сауық орталығы әкімшілігінің мәлімдемесі Instagram-дағы парақшасында жарияланды.
"Құрметті қонақтар! Келіп түскен ақпаратқа байланысты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Dostyk Plaza-да қажетті шаралар жүргізілуде. Осыған байланысты сауда орталығына кіру және көлікпен кіру уақытша шектелуі мүмкін. Сабыр сақтауларыңызды және Dostyk Plaza қызметкерлерінің нұсқауларын орындауларыңызды сұраймыз. Түсіністік танытып, жағдайға жауапкершілікпен қарағандарыңыз үшін алғыс білдіреміз", - делінген хабарламада.
Кейін әкімшілік Dostyk Plaza қайта ашылып, штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
Ал Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, эвакуацияға ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама себеп болған.
"2 қарашада Алматы полициясына Dostyk Plaza сауда-ойын-сауық орталығына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жедел қызметтер дереу жетті. Тексеру қорытындысы бойынша жарылғыш құрылғы туралы ақпарат расталмады. Дабыл тоқтатылды", - деп нақтылады полиция өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2450942-almatyda-dostyk-plaza-sauda-ortalygynan-adamdar-shugyl-evakuatsiialandy-sebebi-nede/