Жетінші арна жаңа дәуірге қадам басады: енді көрермен – контенттің бір бөлігі
Жарияланған күні:

Жетінші арна жаңа даму кезеңіне қадам басады. Арнаның жаңа стратегиясында басты басымдық цифрлық технологияларға, интерактивке және көрерменмен тікелей байланысқа беріледі. Енді көрермен тек контентті тұтынушы емес, эфир мен оның мазмұнын қалыптастыруға қатысатын белсенді аудиторияға айналады.
Жетінші арнаның барлық дерлік жобасы интерактивті форматта ұсынылады. Мәселен телехикаялар көрсетілімі кезінде көрермендер өз пікірлерін нақты уақыт режимінде жолдап, таңдаулы пікірлерін экраннан көре алады. Сонымен қатар эфирдегі оқиғаларға эмодзилер арқылы реакция білдіруге мүмкіндік туады. Бұл - әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлердің динамикасын телевизиялық форматқа енгізудің жаңа қадамы.
Арна эфиріндегі арнайы бір слот толығымен көрерменнің таңдауына беріледі. Бұл уақыт аралығында қандай контент көрсетілетінін аудиторияның өзі шешеді. Осылайша, көрермен эфирді тамашалап қана қоймай, оның мазмұнына тікелей ықпал ете алады.
Жаңа сайт: барлық контент бір кеңістікте
Жаңару тек телевизиялық эфирмен шектелмейді. Бүгін Жетінші арна өзінің жаңа цифрлық сайтын іске қосады. Жаңа платформа ЖИ технологияларына негізделіп, арнаның үздік тележобалары мен киноконтентін бір кеңістікке біріктіреді.
Сайттың құрылымы заманауи көрерменнің контент тұтыну дағдысына бейімделген бірнеше арнайы бөлімнен тұрады:
- Seven Shorts – жаңалықтар мен өзге де ақпараттық контент қысқа, вертикалды форматта ұсынылатын бөлім.
- Seven Serial – вертикалды сериалдарға арналған арнайы кеңістік.
- Seven Inclusive – көру қабілеті төмен көрермендерге арналған бейімделген контент топтамасы.
- Seven Retro – арнаның архивінде сақталған таңдаулы жобалар мен телебағдарламалар жинақталған бөлім.
Жаңа сайт көрерменге қажетті контентті ыңғайлы табуға, әртүрлі форматтағы жобаларды бір платформадан тамашалауға мүмкіндік береді.
Бір музыкалық қолтаңба. Біртұтас визуалды әлем
Жетінші арнаның визуалды келбеті де өзгереді. Бұл негізінен ақпараттық бағдарламаларға қатысты. Жаңа көзқарас, жаңа түс, жаңа графика және жаңа ритм - жаңартылған бренд-айдентиканың негізгі элементтері.
Арнаның музыкалық безендірілуін танымал музыкант Ерлан Бекчурин әзірледі. Жаңа музыкалық айдентикада қазақы музыкалық нақыш пен заманауи дыбыстық шешімдер үйлесім тапқан.
Барлық графикалық элементтерге ортақ бір музыкалық тақырып қолданылады. Дегенмен әр жобаның көңіл күйі мен форматына қарай негізгі композицияның жекелеген ноталары мен дыбыстық реңктері өзгеріп отырады. Бұл тәсіл арнаның барлық жобасын біртұтас дыбыстық әлемге біріктіріп, өзіндік музыкалық қолтаңбасын қалыптастырады.
Жаңалықтар әрдайым жаныңызда
Жетінші арна ақпараттық бағдарламалар санын арттырып, жаңалықтарды ұсынудың жаңа форматын енгізеді. Енді көрермен күннің маңызды оқиғаларынан хабардар болу үшін сүйікті бағдарламасының аяқталуын күтпейді.
Арна эфирінде сағат 08:00, 13:00, 13:20, 18:00 және 19:30-да тікелей эфирдегі жаңалықтар топтамасымен бірге эфир кестесінде "Жетінші минут" атты жаңа жедел ақпараттық айдар пайда болады. Онда Қазақстан мен әлемде дәл қазір болып жатқан маңызды оқиғалар қысқа, динамикалық әрі вертикалды видео форматында жеткізіледі.
Бүгінгі көрерменнің ақпарат тұтыну дағдысы өзгерді: ол сүйікті киносын немесе тележобасын тамашалай отырып, әлеуметтік желілердегі жаңалықтар легін де қатар бақылап отырады. Жетінші арна осы үрдісті телевизиялық эфирге енгізеді. Енді көрермен қандай жоба көріп отырса да, елдегі және әлемдегі маңызды оқиғалардан дер кезінде хабардар бола алады.
Осылайша, жаңалықтар белгілі бір уақытпен шектелмей, көрерменнің күнделікті телевизиялық тәжірибесінің ажырамас бөлігіне айналады.
Жаңа маусым: адам тағдыры, шынайы оқиға және басты кейіпкер - көрермен
Биылғы телевизиялық маусымда Жетінші арна контенттік саясатына да жаңа бағыт енгізеді. Жаңа жобалар осы аптадан бастап кезең-кезеңімен эфирге шығады.
Маусымның негізгі өзегін деректі фильмдер, өзекті мәселелерді көтеретін бағдарламалар, мемлекеттік қызметкерлермен сұхбаттар, сондай-ақ әділдік іздеген азаматтарға құқықтық көмек пен заңгерлік кеңес ұсынатын докудрамалар құрайды.
Арна музыкалық ойын-сауық пен артық визуалды эффектілерден саналы түрде бас тартып, адам өміріне, қоғамдағы нақты мәселелерге және шынайы оқиғаларға назар аударуды көздейді. Жаңа жобалардың басым бөлігі деректі және докудрама форматында ұсынылады. Мұнда басты кейіпкер - адам, ал басты тақырып - оның тағдыры, өмірінде кездескен жағдайлар мен оның шешімдері.
Арнаның бұл ұстанымын басшылық былай түсіндіреді:
"Бүгінгі көрермен қарапайымдылықты қалайды. Мұны аудиторияның контентке деген сұранысы мен рейтингтік көрсеткіштерден де байқауға болады. Қазір отандық телевизиядағы музыкалық және шоу-бағдарламалар бұрынғыдай аудитория назарын аударып отырған жоқ. Көрермен визуалды шудан да шаршады. Сондықтан біз нарықты, аудиторияның талғамы мен сұранысын зерттей отырып, артық элементтерден, ойын-сауықтан бас тартуды мақсатты түрде таңдадық.
Біздің ойымызша, көрермен телевизиялық эфирді қосқан кезде оның назарын ешқандай артық графика, дыбыс немесе визуалды элемент бөліп әкетпеуі керек. Экранда ең бастысы – контент болуы тиіс.
Жаңа жобаларымыздың барлығы дерлік адам өміріне, оның тағдырына, басынан өткерген оқиғаларына және қоғамда болып жатқан нақты жағдайларға арналған. Біз шынайы оқиғаларды көрсеткіміз келеді. Сондықтан деректі фильмдер мен докудрама форматына басымдық береміз. Біздің мақсатымыз - көрерменге жасанды әсер қалдыру емес, ой салу, мәселені көтеру және елдегі маңызды оқиғаларды санаға сіңіру».
Жаңа көзқарас. Жаңа дыбыс. Жаңа түс. Жаңа сайт. Жаңа ритм.
Бәрі өзгереді. Бір ғана нәрсе өзгермейді - көрермен және оған деген махаббатымыз.
Жетінші арна. Енді эфир де, таңдау да, өзгеріс те - көрерменнің қолында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2451465-zhetinshi-arna-zhanga-dauirge-qadam-basady-endi-korermen-kontentting-bir-boligi/