Азияның үздік 100 университетінің қатарына Қазақстанның үш жоғары оқу орны кірді
Жарияланған күні:

QS халықаралық агенттігі Азияның үздік жоғары оқу орындарының 2027 жылғы рейтингін жариялады. Алғашқы жүздікке Қазақстанның үш университеті енді, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, QS Asia University Rankings 2027 рейтингіне Азияның 26 елі мен аумағынан 1722 университет кірген.
Рейтингке енгізілген жоғары оқу орындарының саны бойынша Қазақстан Азияда 10-орынға тұрақтаған. Кейінгі үш жылда рейтингке қатысқан қазақстандық университеттердің саны 34-тен 51-ге дейін артқан. Оның ішінде жеті жоғары оқу орны рейтингке алғаш рет еніп отыр.
Сондай-ақ Қазақстан рейтингтің алғашқы жүздігіне үш университеті енген өңірдегі жалғыз мемлекет атанды. Осылайша, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көшбасшылық орнын сақтап қалған.
Азияның үздік 100 университетінің қатарына енген Қазақстанның үш жоғары оқу орны:
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 46-орын;
- Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 62-орын;
- Satbayev University – 89-орын.
Министрліктің ақпаратына сүйенсек, QS Asia University Rankings – QS Quacquarelli Symonds агенттігі әзірлейтін Азия университеттерінің халықаралық рейтингі.
Жоғары оқу орындары академиялық беделі, түлектерінің жұмыс берушілер арасындағы сұранысы, білім беру ортасының сапасы, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелілігі, халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық деңгейін қамтитын 11 индикатор бойынша бағаланады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2452119-aziianyng-uzdik-100-universitetining-qataryna-qazaqstannyng-ush-zhogary-oqu-orny-kirdi/