"Мұндай олжа кездеспеген": Алматыда сақ дәуірінің бірегей алтын әшекейі табылды (фото)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматыда сақ дәуіріне жататын алтын әшекей табылды. Археологтар оны Наурызбай ауданы аумағында орналасқан Қарағайлы қорымынан тапқан, деп хабарлайды қала әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жәдігерлер ерте темір дәуірінің сақ кезеңіне жататын обада жүргізілген шұғыл археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған. Зерттеу барысында бірегей алтын бұйымнан бөлек, адам сүйектері анықталған.
"Обаның диаметрі 25-26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр. Қорымды зерттеу нәтижелеріне негізделген алдын ала мерзімдеу бойынша ескерткіш сақ дәуіріне, яғни біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларға жатады. Қорған ежелгі заманда-ақ тоналған. Тонаушылар қазған шұңқырдың көлемі – 3 метр", - делінген хабарламада.
Қазба жұмыстары барысында археологтер көптеген адам сүйегін тапқан. Алдын ала болжам бойынша, обада төрт ересек адам мен үш бала жерленген болуы мүмкін. Алайда жерленген адамдардың нақты саны әзірге анықталған жоқ.
Адам сүйектерінен бөлек, сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары табылған. Тонау салдарынан археологиялық жәдігерлердің басым бөлігі ретсіз шашылып қалған.
Табылған олжалардың ішінде ерекше құндысы – аю бейнесінде құйылған шағын алтын мүсінше. Ғалымдардың болжамынша, бұл бұйым бас киімді әшекейлеуге арналған. Алтын әшекейдегі арнайы тесіктер оның бас киімге тігіліп бекітілгенін аңғартады.
Мұндай бұйымдар сақ дәуірінің киім үлгілеріне тән. Осыған ұқсас жәдігерлер өзге де археологиялық ескерткіштерде кездескен. Мәселен, "Алтын адамның" бас киімінен арқар бейнесіндегі алтын әшекей, 2014 жылы Көкқайнар қорымынан бас киімнің сәндік элементі болған барыс мүсіншесі табылған болатын.
"Қарағайлы қорымындағы зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жерлеу рәсімінің ерекшеліктерін нақтылау және жерленген адамдардың санын анықтау мақсатында қосымша ғылыми талдаулар жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға антрополог мамандар да тартылады.
Бір обадан адам сүйектерінің әдеттен тыс көп табылуы ерекше қызығушылық тудырып отыр. Өйткені мұндай жерлеу орындары Қазақстан аумағында сирек кездеседі. Әдетте осындай көлемдегі обаларға бір немесе екі адам жерленген", - дейді "Алматы қаласы музейлер бірлестігі" КМҚК-нің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісов.
Ал мамандар аю бейнесіндегі алтын мүсіншені Қазақстан үшін бірегей жәдігер деп бағалап отыр.
"Бұған дейін елімізде мұндай олжа кездеспеген. Бұл жаңалық Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыс пен ұқсастықты зерттеуге мүмкіндік береді", - дейді "Алматы қаласы музейлер бірлестігі" КМҚК директоры Ләззат Сағындықова.
Археологиялық зерттеулер толық аяқталып, табылған материалдарға қажетті ғылыми өңдеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін аса құнды жәдігерлерді Алматы музейінің экспозициясына енгізіп, көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2452505-almatyda-saq-dauirining-biregei-altyn-ashekeii-tabyldy-foto/