Хабиб Нурмагомедов Астанада: UFC-дің аңызға айналған файтері KERN School-ға не үшін барды
Жарияланған күні:

UFC-дің жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы, бұрын-соңды жеңіліп көрмеген Хабиб Нурмагомедов Астанадағы жекеменшік KERN School мектебіне барды. Атақты спортшыны білім беру мекемесінің құрылтайшысы Фарух Курбанов шақырды. Сапар қызықтарға толы болды: жұлдызды қонақ мектептің инфрақұрылымымен танысып қана қоймай, қазақтың салт-дәстүрін де тамашалай алды, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.
Таныстыру мектеп ауласынан басталды. Қазақтың дәстүрлі киіз үйінде Хабибке арнайы салынған суреттер назарға ұсынылды. Бұл туындыларды оның келуіне орай KERN Hub білім беру орталығының тәрбиеленушілері салған. Сондай-ақ қонаққа мектеп оқушыларының бірі домбырамен әйгілі "Балбырауын" күйін орындап берді.
Осыдан кейін экс-чемпионға жан-жақты экскурсия ұйымдастырылды: спортшы заманауи оқу кабинеттерін, STEM-кеңістікті, акт залын, кітапхана мен асхананы аралап шықты. Кітапханада Хабиб мектеп дәстүрін қолдап, оқушыларға арналған кітаптарға өз тілегін жазып қалдырды. Ал мектеп атриумында спортшы күтпеген жерден ұлттық "асық ату" ойынына қатысты.
Күннің ең есте қаларлық сәттерінің бірі жолдастық матч болды. Хабиб тек көрермен болумен шектелмей, оқушылармен бірге өзі де футбол ойнады.
Ұйымдастырушылар спортшының назарына білім ордасының философиясын да ұсынды. KERN School интерьерінде Абай Құнанбайұлының нақыл сөздері мен бейнелері кеңінен қолданылған. Мектеп осы арқылы балалардың бойына білімге, еңбекке және адамгершілікке деген құштарлықты сіңіреді.
Кездесу қысқы бақта ұлттық тәттілер қойылған дәстүрлі шай ішумен аяқталды. Ерекше құрмет пен қонақжайлылықтың белгісі ретінде Фарух Курбанов Хабибке ұлттық шапан жапты.
Спортшы бұл сапардан алған әсерін ашық бөлісті: ол балалардың шынайы пейілін сезініп, мектептің деңгейі жоғары екеніне көз жеткізгенін атап өтті.
"Ең кереметі — балалармен кездесу. Өйткені олардың сезімдері мен эмоциялары өте шынайы. Балаларға ештеңені күштеп таңа алмайсың, олардың бойында нағыз, табиғи қуат бар. Ал бұл мектеп — мен өмірімде көрген ең үздік білім ошақтарының бірі. Бұл жай ғана әдемі сөздер емес, шынымен де солай. Мұнда оқуға барлық жағдай жасалған: зал, кабинеттер, асхана бар. Болашақта бұл жерде оқушылар саны бұдан да көп болатынына сенімдімін", — деді Хабиб Нурмагомедов.
Сөз соңында ол көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, келесі жылы Қазақстанға және KERN School-ға қайта келуі мүмкін екенін айтты.
Еске салсақ, KERN School — мықты академиялық дайындықты, жан-жақты даму мен тәрбиені ұштастырған, толық күн оқытатын күндізгі жекеменшік мектеп. Мұнда танымал қонақтардың келуі игі дәстүрге айналған. Бұған дейін мектепке өзге де танымал тұлғалар келген болатын. Олардың қатарында қытайлық танымал блогерлер Петя мен Ириска да бар.
*Қазақстан Республикасындағы білім беру қызметі лицензиялауға жатады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2452587-habib-nurmagomedov-astanada-ufc-ding-angyzga-ainalgan-faiteri-kern-school-ga-ne-ushin-bardy/