Қазақстандық қымыз халықаралық марапатқа ие болды
Жарияланған күні:

Қазақстандық дәстүрлі қымызды заманауи қаптамада ұсыну жобасы халықаралық Pentawards байқауында қола жүлдеге ие болды. Бұл туралы бренд-стратег Ырысты Ерден Jibek Joly телеарнасындағы "Бүгін.live" бағдарламасында айтты, деп жазады kazinform.
Маманның айтуынша, халықаралық деңгейде мойындалу команда үшін маңызды жетістік болды. Әсіресе байқаудың ауқымын ескерсек, бұл марапаттың маңызы зор. Pentawards сыйлығының 20-шы мерейтойлық байқауына 66 елдің өкілдері қатысып, екі мыңға жуық өтінім түскен. Олардың 20 пайызынан азы ғана марапатқа ие болған.
"Бұл біз үшін өте маңызды марапат. Оны брендинг әлеміндегі "Оскармен" салыстыруға болады. Бұған дейін көктемде Нью-Йоркте өтетін, өзіндік "Алтын глобус" саналатын Dieline сыйлығын алған едік. Қымыз сияқты өніммен қатарынан екі марапатқа ие болу біз үшін үлкен жетістік", — деді Ырысты Ерден.
Оның айтуынша, жоба бастапқыда халықаралық байқауларға қатысу мақсатында қолға алынбаған. Команда жергілікті өндірушімен бірлесіп, дәстүрлі сусынның жаңа брендін қалыптастыруға басымдық берген.
"Мен жергілікті өндірушілерді әрдайым қолдаймын. Шынайы өнімдерді, ісіне жан-тәнімен берілген кәсіпкерлерді жақсы көремін. Біз тек өз жұмысымызды сапалы орындауға тырыстық. Кейін ғана жобаны байқауға ұсынуды ұйғардық", — деді бренд-стратег.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2453586-qazaqstandyq-qymyz-halyqaralyq-marapatqa-ie-boldy/