Ұлттық ұланда бір бөлімде бес жұп егіз Отан алдындағы борышын өтеп жүр (фото)
Жарияланған күні:

Алматыдағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде бір мезгілде бес жұп егіз сарбаз қызмет етіп жатыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қазақстанның әр түкпірінен әскерге шақырылған егіздердің бірі – ақтөбелік Аман мен Есен Байдуллаевтар. 19 жастағы сарбаздардың арасы небәрі тоғыз минут. Әскери ортаға тез бейімделген ағайындылар қызмет барысында өздерін жақсы қырынан көрсетіп үлгерген. Олар жауынгерлік қызмет кезінде есірткі заттарын тасымалдаған азаматты ұстау операциясына қатысқан.
Ал Қызылордадан шақырылған Нұртөре мен Жантөре Нұрылданың жасы 20-да. Отбасындағы кенже ұлдар білім жолында екі түрлі бағытты таңдаған. Нұртөре дене шынықтыру пәнінің мұғалімі атанса, Жантөре фельдшер дипломын алған. Қазір екеуі де әскери міндетін бір бөлімде атқарып жүр.
Аман мен Есен есімді тағы бір егіз Түркістан облысынан шақырылған. Сапаралы тегіндегі жігіттердің өнерге деген ықыласы ерекше. Олар халық әндері мен термелерді орындағанды ұнатады. Бұл өнерге деген сүйіспеншілік әкелерінен дарыған. Айта кетерлігі, ұландықтардың әкесінің де егіз інілері бар.
Тараздық Нұрасыл мен Ерасыл Иашовтар мектепті тәмамдаған соң көп ұзамай Отан алдындағы борышын өтеуге кіріскен. Қазір екеуі де 19 жаста. Қызмет барысында олар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарына қатысып, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып жүр. Бұған қоса бауырлар "Сарбаз 2.0" білім беру бағдарламасына қатысуға өтініш берген. Бұл жоба мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген жастарға тегін білім алуға жол ашады.
Кентаулық Алмас пен Олжас Әбдуәлиевтер де 19 жаста. Әскерге дейін олар Шымкенттегі "Мирас" университетінде "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" мамандығы бойынша білім алған. Алдағы уақытта ұстаздық жолды жалғастырып, мектеп оқушыларына әскери істің қыр-сырын үйретуді көздейді. Бір қызығы, Алмас пен Олжастың отбасында тағы бір жұп егіз бар.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2453856-ulttyq-ulanda-bir-bolimde-bes-zhup-egiz-otan-aldyndagy-boryshyn-otep-zhur-foto/