Ақтауда жарықсыз қалған тұрғындар жолды жапты: энергетика министрі оқиғаға қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Үкіметте өткен брифингте энергетика министрі Ақтаудағы жарықсыз қалған тұрғындардың көшеге шығуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұған дейін Ақтау тұрғындары 19А және 20-шағын аудандар арасындағы жолды жауып тастағанын жазған едік. Қала тұрғындарының айтуынша, бұған үйлердің бір тәулікке жуық электр жарығынсыз, сондай-ақ жылу мен ыстық сусыз қалуы себеп болды.
Ерлан Ақкенженовтің сөзінще, жаңбыр салдарынан электр желісі үзілген, ал сол учаскені су басқан.
"Шынында да мұндай жағдай болды. Мен оны білемін, қала және облыс әкімімен сөйлестім. Мәселе Ақтауда жаңбыр жауып, жоғары вольтты сымның үзілуінде болып отыр. Учаскені су басу салдарынан үзілген жоғары вольтты сымға жету қиындады, жаңасын әкеліп, ауыстырды, апат салдары шұғыл түрде жойылды.
Жауапкершілікке келетін болсақ, облыс әкімдігі жауапкершілік кімдікі екенін, бұл учаскеге қандай ұйым қызмет көрсеткенін қарастырады деп ойлаймын", - деді энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Журналистер министрден күйіп кеткен тоңазытқыштар мен басқа да тұрмыстық техникалардың шығынын кім өтейтінін сұрады.
"Зардап шеккен барлық тұрғынға әкімдікке хабарласуға кеңес беремін. Әріптестерге жауапкершіліктің қай жерде шектелетінін түсіндіру үшін айтқым келеді. 220-500 кВ жоғары вольтты желілер Энергетика министрлігінің қарамағында. 110 кВ және одан әрі 35 және 0,4-ке дейін төмендететін желілер жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы өңірлік электр компанияларының құзыретінде. Бізде міне осындай нақты шектеу бар.
Сондықтан назар аударар болсаңыз, бүгін менімен бірге "Системный оператор" АҚ басшысы қатысып отыр. 220-500 кВ желілері бізге қатысты болғандықтан, бәріміз осында отырмыз. Ал өңірлерді энергиямен қамтамасыз ету мәселелері облыстарға, жергілікті атқарушы органдарға қатысты", – деді министр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2454482-aqtauda-zharyqsyz-qalgan-turgyndar-zholdy-zhapty-energetika-ministri-oqigaga-qatysty-pikir-bildirdi/