Қазақстанда тұратын қандастар үшін грант конкурсы кезінде қандай жеңілдік қарастырылған
Жарияланған күні:

Шетелде тұратын ұлты қазақ азаматтар Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатыса алады. Олар тестілеуді қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз айларында тапсыруға мүмкіндік алады, деп хабарлайды kazinform.
Ал Қазақстанда білім алып жатқан қандастар үшін грант конкурсына қатысудың арнайы тәртібі қарастырылған. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, шетел азаматтары ҰБТ-ға app.testcenter.kz сайты арқылы тіркеле алады. Тестілеу құны — 5 640 теңге.
Ақылы негізде оқуға түсуді жоспарлаған талапкерлерге ҰБТ тапсыру міндетті емес. Олар жоғары оқу орнына әңгімелесу нәтижесі бойынша қабылдана алады. Ал мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысу үшін негізгі ҰБТ-ны тапсыру қажет. Грант конкурсына өтініштер сәуір айында қабылданады.
ҰБТ-ға қалай тіркелуге болады?
Тіркелу кезінде Қазақстан азаматының жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бар талапкерлер тиісті бөлімге өз нөмірін енгізуі керек. Егер талапкер 18 жасқа толмаған болса, ата-анасының немесе заңды өкілінің деректерін көрсету қажет.
Ал ЖСН-ы жоқ шетел азаматтары "ҚР ЖСН жоқ" бөлімін таңдап, жеке деректерін толтырады. Тіркеу аяқталғаннан кейін оларға 12 таңбалы код беріледі.
Қандай пәндерді тапсыру қажет?
ҰБТ пәндерінің саны оқу мерзімі мен таңдалған мамандыққа байланысты белгіленеді.
Толық оқу мерзімі бойынша:
- әдеттегі мамандықтарға — 3 пән;
- шығармашылық мамандықтарға — 1 пән.
Қысқартылған оқу мерзімі бойынша (колледж түлектеріне):
- әдеттегі мамандықтарға — 2 пән;
- шығармашылық мамандықтарға — 1 пән.
Шығармашылық емтихандарды талапкер таңдаған жоғары оқу орны өткізеді.
Қазақстанда оқитын қандастар грантқа қалай қатысады?
Қазақстанда білім алып жатқан қандастар ҰБТ-ға "2027 жылғы мектеп түлектері" санаты бойынша тіркеліп, негізгі тестілеуді 5 немесе 3 пәннен тегін тапсыра алады.
Мемлекеттік грант конкурсына қатысу кезінде әдеттегі мамандықтар үшін үш пәннің, ал шығармашылық мамандықтар үшін бір пәннің нәтижесі есепке алынады.
Бұл ретте қандастар үшін грант конкурсына қатысу кезінде шекті балл белгіленбеген, яғни олар негізгі ҰБТ нәтижесінде жинаған балдарына қарамастан конкурсқа қатысуға өтініш бере алады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2454792-qazaqstanda-turatyn-qandastar-ushin-grant-konkursy-kezinde-qandai-zhengildik-qarastyrylgan/