БҚО-да АИТВ жұқтырған 10 адамға іздеу салынды
Жарияланған күні:

Батыс Қазақстан облысында иммундық тапшылық вирусын жұқтырған он адам іздестіріліп жатыр. Дәрігерлер іздеудегі тұрғындар тез арадам вирусқа қарсы ем қабылдауы керектігін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Биыл Батыс Қазақстан өңірінде 44 адам ауру жұқтырғанын білген. Қазір оның барлығы антиретровирустық терапия қабылдауға тиіс. Бұл ем иммунитетті сақтауға, дерттің дендеуін тежеуге және адамның өмірін ұзартуға мүмкіндік береді.
Мамандар арасында дәрі-дәрмек ішуден бас тартатын науқастар да бар екенін айтады. Олардың жүрген жерін анықтау үшін полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Кейбірі басқа өңірге, тіпті шетелге көшіп кеткен. Арасында тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар да кездеседі. Дәрігерлер науқасты мәжбүрлеп емдей алмайды. Емнен бас тартқаны үшін заң бойынша жаза да қарастырылмаған.
Биыл Батыс Қазақстан облысында АИТВ жұқтырған үш адам қайтыс болған. Осы індетпен мыңға жуық адам есепте тұр. Көбісі жыныстық қатынас кезінде жұқтырған.
"Қандайда бір себеппен антиревирустық терапияны қабылдамай және медициналық бақылаудан тыс болған жағдайда, міндетті түрде жергілікті полиция қызметкерлерімен, көші-қон қызметкерлерімен бұл пациенттердің тұрғылықты мекенжайын анықтау бойынша жұмыс жүргізіледі.
Анықталған жағдайда біздің облыстық орталықта медициналық комиссия жұмыс істейді. Терапевт мамандарымыз да бар", - дейді БҚО АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Нұрлыбек Мұстаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2454816-bqo-da-aitv-zhuqtyrgan-10-adamga-izdeu-salyndy/