Астанадан Алматыға алғаш рет Stadler пойызы жол тартты: вагондардың ішкі көрінісі қандай (фото)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін швейцариялық Stadler вагондарынан құралған пойыз елорда вокзалынан Алматыға қарай алғаш рет жолға шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚТЖ мәліметінше, 11 қарашада "Нұрлы жол" вокзалынан Қазақстанда швейцариялық компания технологиясы бойынша шығарылған Stadler вагондарынан құрылған алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты. Вагондар күн сайын № 3/4 "Нұрлы жол – Алматы-2" пойызының құрамында жүреді. Астанадан жөнелтілуі – сағат 13:10-да, Алматыға жетуі – келесі күні сағат 08: 30-да.
️Жөнелту алдында БАҚ өкілдері жаңа вагондармен, олардың техникалық жабдықталуымен және жол жүру шарттарымен танысты. Бірінші жолаушыға естелік сыйлық табысталды.
️Stadler вагондары Қазақстанның климаттық жағдайларына бейінделген және – 50-ден + 45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға есептелген. Қызмет ету мерзімі 40 жыл.
️Купе вагондары 40 жолаушыға, плацкарт вагондары 58 жолаушыға арналған. Жолаушылардың жайлылығы үшін климаттық бақылау жүйелері, жеке жарықтандыру, 220 В розеткалары, USB және USB-C қосқыштары, Wi-Fi, бейнебақылау және багаж аймақтары қарастырылған. Мобильділігі төмен жолаушылардың жол жүруіне арнайы жағдайлар жасалған. Пойыз құрамына вагон-буфет те кіреді.
️Бүгінгі таңда "Жолаушылар тасымалы" АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдады. Келісімшарт 2030 жылға дейін 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізуді, кейіннен сервистік қызмет көрсетуді көздейді.
️Stadler вагондарының келесі құрамы 13 қарашада "Нұрлы жол – Семей" бағдарына шығады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2455137-astanadan-almatyga-algash-ret-stadler-poiyzy-zhol-tartty-vagondardyng-ishki-korinisi-qandai-foto/