KAZ Minerals Павлодардағы колледжді болашақ мамандар даярлайтын заманауи оқу орталығына айналдырды
Жарияланған күні:

Павлодар химия-механикалық колледжінде жаңа мамандық — пайдалы қазбаларды байыту бағыты бойынша білім беруге арналған кабинет жабдықталды. KAZ Minerals тобы "Суперколледж" бағдарламасы аясында тағы екі оқу кабинеті мен зертхананы жаңартуға қаржы бөлді. Бұл студенттерге тәжірибелік білімге ден қоюға мүмкіндік береді, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
KAZ Minerals тобы Павлодар химия-механикалық колледжімен үш жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді. Топ білікті мамандар даярлауға мүдделі, сол себепті оқу орнына әлеуметтік қолдау көрсетіп, түлектердің еңбек жолын бастаған алғашқы күннен-ақ кәсіби міндеттерін жоғары деңгейде орындауына жағдай жасап отыр.
Бүгін колледжде пайдалы қазбаларды байыту саласының мамандарын даярлауға арналған жаңа кабинет назарға ұсынылды. Ол арнайы макеттермен, 3D-панельдермен және автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталған. Бұдан бөлек оқу орнына бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика, технологиялық жабдықтарды пайдалану, оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу, сондай-ақ химиялық талдау бағыттары бойынша студенттерді оқытуға арналған жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды. Инвестицияның жалпы көлемі 350 миллион теңгеден асты.
"Мен болашақ химик-зертханашымын. Қазір менің мамандығым еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие әрі жалақысы да жақсы. Жаңа кабинеттердің ашылып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуы бізге жаңа құрылғылармен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Енді біз жүргізетін талдаулардың ауқымын кеңейте аламыз. Әрине оқулықтан оқып, тақырыптарды суреттер арқылы меңгеру бір бөлек те, құрал-жабдықтарды өз қолыңмен ұстап, болашақта жұмыста пайдаланатын құрылғылармен оқу кезінде жұмыс істеу мүлде басқа. Мен үшін мұның өзі үлкен тәжірибе", — деді Павлодар химия-механикалық колледжінің студенті Зарина Әлмұқашева.
Ең бастысы, жаңа жабдықтар тәжірибелік оқытуды нақты өндіріс жағдайына барынша ұқсас етуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, пайдалы қазбаларды байыту кабинетінде студенттер колледждегі жаңа мамандық бойынша білім алады. Оқу орны биыл KAZ Minerals тобына арнайы мамандар даярлау мақсатында осы бағыт бойынша лицензия алған.
Колледж басшылығының сөзінше, тау-кен өндіру тобымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың нәтижесі қазірдің өзінде байқалып отыр. Студенттердің білім деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Сонымен қатар бұл серіктестіктің пайдасын өңір тұрғындары да көре алады.
"KAZ Minerals тобымен ынтымақтастығымыз химиялық зертханаларды жабдықтаудан басталды. Соның арқасында бүгінде халықаралық аккредиттеу рәсімінен өту кезеңіне жеттік. Енді біз халыққа шикізат пен өнімдердің құрамы мен сапасын анықтау бойынша қызмет көрсете аламыз. Мәселен, бұрын бірінші курс студенттері оқытушы жүргізетін бір ғана зертханалық тәжірибені сырттай бақылайтын. Ал KAZ Minerals тобы бізге 20 зертханалық жиынтық сатып алып берді. Енді әр студент өз үстелінде отырып, зерттеу жұмыстарын өз бетінше жүргізе алады", — деді Павлодар химия-механикалық колледжі басшысының орынбасары Татьяна Гаврилюк.
Жаңа кабинеттің ашылуы және басқа оқу аудиторияларына қосымша жабдықтардың сатып алынуы KAZ Minerals тобының "Суперколледж" бағдарламасы аясында колледжді жабдықтау жұмыстарының аяқталғанын білдіреді. Айта кетейік, KAZ Minerals тобы жыл сайын 300-ге жуық білім грантын бөледі. Студенттер "Тағылымгер" бағдарламасына да қатысады. Бүгінге дейін бұл бағдарлама аясында 1227 адам тәжірибеден өткен.
"Өнеркәсіп үшін өндірістік қуаттарды арттырып, заманауи технологияларды енгізу ғана емес, болашақта сол технологиялармен жұмыс істейтін мамандарды жүйелі түрде даярлау да маңызды. Сондықтан KAZ Minerals тобы техникалық білім беруді дамытуға және студенттердің тәжірибелік кәсіби дағдыларды меңгеруіне жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. "Суперколледж" жобасы — осы бағыттағы жұмысымыздың бір мысалы. Дегенмен біздің қызметіміз білім беру мекемелерін құрал-жабдықтармен қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Біз білім гранттары арқылы студенттерге қолдау көрсетеміз, жастардың тікелей өндіріс орындарында тәжірибе жинауына мүмкіндік беретін "Тағылымгер" бағдарламасын дамытып келеміз. Бұл бастамалардың барлығын еліміздің кадрлық әлеуетіне салынған өзара байланысты инвестициялар деп қарастырамыз", — деді KAZ Minerals Management басқарма төрайымы Айжан Балабатырова.
Топ өкілдерінің айтуынша, білім беру саласына қолдау көрсету, гранттық бағдарламаларды жүзеге асыру және тағылымдамалар ұйымдастыру еліміздің кадрлық әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2455272-kaz-minerals-pavlodardagy-kolledzhdi-bolashaq-mamandar-daiarlaityn-zamanaui-oqu-ortalygyna-ainaldyrdy/