Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ғаламторда ҰБТ сұрақтары жарияланып кетті

Жарияланған күні:

ҰБТ-ның алғашқы күні тест тапсырмалары заңсыз түрде интернет арқылы сыртқа шығып жатыр.

Талапкерлер сұрақтарды сырттағылардан көмек сұрап немесе "енді тапсыратындарға көмек" етіп жариялаған.

Қазақстанда мектеп бітірушілер 2-9 маусым арасында тапсыратын ұлттық бірыңғай тестінің (ҰБТ) бірінші күні-ақ елдегі жастар көп қолданатын "ВКонтакте" және "Мой мир" әлеуметтік желісінде биылғы емтихан сұрақтары жарияланып жатыр. Тапсырмалардың көбі ұялы телефонға суретке түсірілген.

Сынақ тапсыру ережесі бойынша талапкерлерге аудитория ішінде ұялы телефон алып кіруге тыйым салынса да, тыйымды айналып өтудің амалын тапқандар аз емес сияқты. Әлеуметтік желіден бөлек WhatsApp пен Viber байланыс бағдарламалары арқылы да тест тапсырмалары тарап кеткен.

"ВКонтакте" желісінде Қазақстан тарихы, математика, қазақ тілі, орыс тілі, физика, география, биология пәндерінің тапсырмалары фото ретінде жарияланған. Жарияланған тест сауалдары – қазақ және орыс тілінде.

Былтыр Қазақстанда грантқа түскендердің тізімін интернетте министрліктен бұрын жариялаған "Артем" есімді интернет қолданушы биыл да өз форумында "2014 жылы келетін ҰБТ тапсырмаларын" жариялап топ-тобымен шығарып жатыр. Оның айтуынша, "бұл тестердің барлығы маусымның 2-сі күні келген".

"Артем" өз форумында "алдағы уақыттарда тағы да тест тапсырмаларын жариялайтынын" жазған. "Артемнің" кім екені және ҰБТ сауалдары мен оқуға түсушілердің тізімін қандай жолмен қолына түсіргені әлі анықталмаған.

"ӘР КҮНІ ӘРТҮРЛІ НҰСҚА КЕЛЕДІ"

ҰБТ өткізуге жауапты Қазақстан тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев Азаттыққа берген сұхбатында әр күнге әр түрлі нұсқалар дайындалғанын айтты.

"Тапсырмаларда бір-екі беттің жауабы бар. Оларды біз көрдік. Бір-екі суретте тұрған ештеңе жоқ. Бастысы онда жауабы жоқ. Бірақ бұл кей өңірлерде тәртіп бұзылғанын білдіреді. Көбі телефонға түсіріп шыққан соң жариялаған сияқты. Тестің алғашқы күні телефон қолданып аудиториядан шығарылғандар мен нәтижелері жойылған оқушылар бар.

Нақты деректі алдағы күні жариялаймыз. Ал бірінші күні келген тест нұсқалары екінші күні келмейді. Әр күнге нұсқалары бөлек-бөлек кітапшалар дайындалған", - деді тестілеу орталығының басшысы.

Ал Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы мектептердің бірінде сабақ беретін мұғалімі Гүлфайруз Сапарғалиева пайымдауынша, ҰБТ-ны бірнеше күнге созбай, бір-ақ күнде өткізу керек.

"Қазақстанда ҰБТ – үлкен науқан, талай адамның тағдырына себеп сын. Білім және ғылым министрлігі, ішкі істер органдары бұл сынақтың таза өтуі үшін бар жағдайды жасап жатқанымен көп жайттарда жауаптар сатылып, сұрақтар сыртқа шығып жатыр. Жалпы ҰБТ-ны бір, ұзағанда екі күнде өткізуді қарастырған жөн", - дейді мектеп мұғалімі.

Білім және ғылым министрлігі ҰБТ өтер алдында WhatsApp пен Viber сияқты байланыс құралдары арқылы ақпараттың сыртқа шығып кетуі мүмкін екенін айтқан еді.

Ал маусымның 2-і күні ҰБТ алдында баспасөз мәслихатын өткізген білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев: "Қауіпсіздік мәселесі – өте маңызды. Әр аудитория алдында байланыс құралдарын бұғаттайтын құрылғылар орнатылған. Тест өткізуге ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік комиссия қызметкерлері де тартылды" деп мәлімдеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/316079-galamtorda-ybt-syraktary-zhariyalanyp-ketti/