Үстіне су құю акциясын қарағандылықтар мүгедек жігітке қаржы жинауға пайдаланды
Жарияланған күні:
4-қабаттан құлап, төсекке таңылған 24 жастағы Нияз Сүндетәлиевке "үстіне мұздай су құю" акциясы арқылы көмек көрсетілмек деп хабарлайды 7 арна.
Нияздың еміне қажетті 35 мың доллардың жартысы да жиналмаған екен. Сондықтан оның достары ғаламторда сәнге айналған "үстіне мұздай су құю" флешмобын Нияздың пайдасына жасауды ұйғарыпты.
Жалындаған 22 жасында бұл жігіт биіктен құлап, ең үлкен азапқа душар болды. Оның мойын омыртқасы сынып, жұлынына зақым келген. Қазақстандық нейрохирургтер бұл дерттің алдында дәрменсіз көрінеді. Ал израильдік дәрігерлер жігітке үміт сыйлап отыр.
"Олар менің аяққа тұрып кететініме кепілдік бермейді. Бұл бастапқы курс қана. Бірақ Израильге барып, емді бастағаннан кейін ғана олар маған "жүріп кетесің" немесе "өмір бойы осылай жата бересің" деп нақты айта алады", - дейді Нияз Сүндетәлиев.
Нияздың өзі әлеуметтік желілерде блог жүргізеді, оған көмектескісі келетін жайдары жандармен араласады. Жиналған және жұмсалған қаржы туралы есеп беріп тұрады.
"Бізде өте дархан, қолы ашық жандар көп. Соларға шексіз алғысымды айтамын", - дейді Нияз.
Бүгінде бастан асыра мұздай су құю флешмобына бүкіл әлем қосылды. Оны Дженнифер Лопез, Бритни Спирс, Криштиану Роналду сынды әлем жұлдыздары қолдаса, Сәкен Майғазиев, Жанар Айжанова, Баян Есентаева, сияқты отандық тұлғалар да суға шомылды. Петропавл қаласының әкімі де тыс қалмады.
Бұл флешмобты мүгедек арбасына таңылған америкалық бейсболшы бастаған болатын. Біреуден эстафета қабылдап, үстіне су құйған адам кемінде 10 доллар, құймаған адам 100 долларын қайырымдылыққа жұмсауы тиіс. Ол амиотрофиялық склерозға шалдыққан науқастардың еміне кетеді. Ал мына Қарағандылық жастар осы флешмобты Нияз Сүндеталиевтің пайдасы үшін қолдамақ.
"Өз қасыңда көмекке зәру адам тұрғанда ол ақшаны басқаларға берудің қажеті қанша. Біз досымыздың тым болмаса мүгедек арбасына отырып, өз бетімен далаға шығып жүруін қалаймыз", - дейді Нияздың досы Серікжан Мәулетбай.
Жерлестерінің құрметіне суға шомуды Қарағандылық журналистер мен шенеуніктер бастады. Олар осы тізімнің ұзарып, Нияздың Израильға барар жолын жалғап беретіндігіне сенімді.
Нияз Сүндиталиевтің есебіне ақша аудару үшін үстіңізге су құю міндетті емес. Алайда бұл флешмоб көңілді көтеріп, сергітіп, қоғам назарын мүгедектерге аудартудың таптырмайтын тәсілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/329283-ystine-su-kyyu-akcziyasyn-karagandylyktar-mygedek-zhigitke-karzhy-zhinauga-pajdalandy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.