Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан Барысы-2015» турнирінің жеңімпазы атанды (фото)

Опубликовано:

Бейбіт Ыстыбаев 2015 жылғы «Қазақстан барысы» атанды. Ол Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінде жеңімпаз болды.

Ол осылайша «Қазақстан Барысы» жеңімпазы атанып, алтын белбеуін иеленді. Ақтық айқасқа «Тараз арланы» деген лақап атымен шығып жүрген Бейбіт Ыстыбаев «Сыр арланы» Руслан Әбдіразақовпен белдескен еді. Екі апайтөс палуан біразға дейін бір-бірін еңсере алмады. Алайда, ұпай санымен Бейбіт Ыстыбаев жеңіске жетті.

Айта кетерлігі, 2012 жылы «Қазақстан барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаев араға үш жыл салып сол жетістігін қайталады. Осылайша, қазақ күресінен турнирді екі мәрте жеңіп алған бір ғана барыс ол - Бейбіт Ыстыбаев болып отыр. «Қазақстан Барысы-2015» V республикалық турнирінің жеңімпазы Ыстыбаевқа 150 мың АҚШ доллары, ал оның бапкеріне 50 мың АҚШ доллары берілді.

Айта кетейік, жеңімпазға «Қазақстан барысы» жүлдесін «Самұрық Қазына» қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков табыс етті.

Ал күміс жүлдегер Руслан Әбдіразақов 30 мың АҚШ долларын алса, қоланы иеленген палуан Ғани Сейділдаев 10 мың АҚШ долларын алды. Айта кетерлігі, «Жеңіске жігері» үшін арнайы жүлдені тамаша тартысты белдесу көрсеткен Нұрым Сәлімгерев иеленіп, оған «Самұрық-Қазына» қорынан автокөлік сыйға тартылды.

«Бұл біздің салтымызбен, ғұрпымызбен бірге қайнаған, ер балалардың ермегі болатын. Бабаларымыз күш сынастырып, өзара шыңдап, Отан қорғауға осылай балаларын үйрететін еді. Әр қазақ өз баласын күреске баулитын. Бұл содан қалған ұшқын қазір үлкен мерекеге айналып отыр. Ал сонау  хандардан қалған салттың бірі жеңіскер палуанға тайтұяқ алтын тапсыру еді. Мен де осы салтты орындай отырып, Бейбіт Ыстыбаевқа жүлдені тапсырамын», - деді Назарбаев.

Сонымен қатар, президент ұлт тарихында аты қалған Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді палуандар бүгінгі ұрпақтың арасынан шығып жатқанына да қуанышты екенін жеткізді.

«Біздің күресіміз дүниежүзілік аренаға шығып, құрлықтарға тарап, қазақтың ұлттық күресі ретінде саналатынына сенімдімін. Солай болсын деп тілеймін. Күреске қатынасқан барлық облыстар мен аудандардағы палуандарды, бүгінгі күні кілемге шығып, күш сынасқан азаматтарымызды құшақтап тұрып, шын жүрегімнен құттықтаймын. Бұл еліміздің жүрегі, халқымыздың тірегі, ел ордасы  - Астананың туған күні қарсаңында жасалып отырған үлкен құрмет. Осы палуандарымызды барша Қазақстан тамашалап көрді. Мерейлері толып, жұрт қазақ жігіттеріне сүйсініп отыр. Лайым осылай болсын! Қазақтың ұландары осындай сайыскер күшті болып, жаман әдеттен арылып, жақсымен жүрсін! Мен осы күресті шын жүрегімнен қолдаймын. Болашақта өркені өсіп, аясы кеңейе түседі деп сенемін!», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы турнир жеңімпаздарымен бірге суретке түсті.

Еске сала кетейік, Бейбіт Ыстыбаев 2012 жылы да осы атақты жеңіп алып, арада үш жылдан соң осы жеңісін қайталап, 2015 жылғы «Қазақстан барысы» атанды. Сонымен қатар, Руслан Әбдіразақов күміс жүлдегер, астаналық Ғани Сейділдаев қол жүлдегер атанды.

Айтулы доданы президент Нұрсұлтан Назарбаев тамашалаған болатын. Бұл турнирді Қазақстанның ұлттық арнасы мен «Kazsport», сондай-ақ Түркияның «ТРТ» арнасы және Ресейдің «Боец» арнасы да тікелей эфирде таратты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/809546-beybit-ystybaev-qazaqstan-barysy-2015/

pixel