Токио Олимпиадасында кезекті жарыс күні басталды. Бүгін бокстан Қазақстан командасының өкілі Серік Теміржанов шаршы алаңға шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Серік Теміржанов алғашқы айналымда венгриялық Роланд Галошпен кездескен болатын.
Аталған кездесуде Теміржанов қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ол жекпе-жек барысында екі рет есеп ашып, қарсыласын нокдаунға жіберді.
Төрешілер де Серіктің айқын басым болғанын мойындады. Бес төрешінің барлығы да жеңісті Теміржановқа берген.
Осылайша, Теміржанов қазақстандық боксшылардың Токио Олимпиадасындағы жеңісті жолын бастап отыр.
Серік Теміржанов - Павлодар қаласындағы бокс мектебінің түлегі. Ол Иорданияның Амман қаласында өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінде Олимпиада жолдамасын иеленген.
Қазақстан чемпионы әрі халықаралық турнирлер жеңімпазы.
Еске салсақ, бұған дейін әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен қазақстандық дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг Токио Олимпиадасында жеңіліп қалғанын жазған едік.
Одан бөлек, ойынның салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің туын көтеріп шыққан Ольга Рыпакованың қазақша стильдегі көйлегі әлем жанкүйерлерінің жоғары бағасына ие болғанын жазған болатынбыз.
Сонымен қатар, Токиодағы Олимпиада ойындарында академиялық есуден іріктеу сыны басталып, Қазақстан командасының өкілі Владислав Яковлев іріктеудің бірінші айналымын үшінші орынмен аяқтағанын жазғанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1923728-tokio-2020-bokssy-serik-temirzanov-qarsylasyn-eki-ret-nokdaunga-ziberdi/