Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Енді сендерді қуантамыз": Кеңес Рақышев төрт алтын алған боксшыларға не айтты

Опубликовано:

Кеңес Рақышев чемпион атанған Асланбек Шымбергеновті құттықтауда
Асланбек Шымбергенов пен Кеңес Рақышев. Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Бокстан Ташкентте өткен әлем біріншілігінде Қазақстан бокс құрамасы төрт алтын, бір күміс иеленіп, тарихи нәтиже тіркеді. Аталған жетістік отандық бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевты да ерекше қуантты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Финалдық кезеңде боксшыларды қолдау үшін Ташкентке арнайы келген Кеңес Хамитұлы спортшылардың жеңісіне қатты қуанғанын жеткізді. Ол жекпе-жектер аяқталған бойда киім ауыстыратын бөлмеге барып, боксшылар мен бапкерлерге алғысын жаудырды.

"Жарайсыңдар, жігіттер! Бапкерлеріңізге мың алғыс! Сіздердің әр қадамдарыңызды ойластырған осы кісілер! Сіздерге мың алғыс! Бізді қатты қуанттыңыздар! Енді біз сендерді қуантамыз! Сыйақы болады. Нағыз чемпионсыңдар!", - деді әр боксшы мен бапкерді құшағына алып, алғысын білдірген федерация президенті.

Сондай-ақ журналистерге сұхбат берген Кеңес Рақышев Қазақстанның сырт алаңда төрт алтын медаль алғанын тарихи оқиғаға теңеді.

"Біріншіден, баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл - барша Қазақстанның жеңісі. Үлкен алғыс білдіремін. Әлем чемпионатында төрт алтын алдық. Тарихта бірінші рет сырт алаңда төрт алтын иелендік. Жанкүйерлерге федерацияның, біздің командамыздың атынан үлкен рахмет!", - деді ол.

Өз кезегінде боксшылар да алаңсыз жаттығып, әлемдік сынға дайындалуға мүмкіндік берген федерация басшысына рахметін айтты.

Еске сала кетейік, Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс медаль иеленді.

Санжар Тәшкенбай (48 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі) және Нұрбек Оралбай (80 келі) әлем чемпионы атанса, 67 келідегі Дулат Бекбауов күміске қол жеткізді.

IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) чемпионат жүлдегерлеріне 200 (алтын медаль), 100 (күміс медаль) және 50 (қола медаль) мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындады.

Ал Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев өз есебінен боксшылар мен бапкерлерге және кешенді ғылыми топ мүшелеріне арнайы сыйақы беретінін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2020706-endi-senderdi-quantamyz-kenes-raqysev-tort-altyn-algan-bokssylarga-ne-aitty/

pixel