Бокстан Ташкентте өткен әлем біріншілігі Сәкен Бибосынов үшін сәтсіз аяқталды. 2021 жылғы әлем чемпионы алғашқы кездесуінде-ақ үндістандық боксшыға есе жіберген болатын. Кейін журналистерге сұхбат берген Бибосынов өзінің қандай қате жібергенін айтып, алдағы мақсаттарын бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Сәкеннің айтуынша, ол жарақатына байланысты ресми турнирлерге қатыса алмаған. Ал жарыс тәжірибесінің аздығы Ташкентте үлкен роль ойнады.
"Кішігірім жарақат болды. Шетелде ота жасаттым. Десе де, өз бабына енетіміне сенімді болдым. Ташкенттегі жеребе бойынша алғашқы кездесуімде-ақ мықты боксшыға жолықтым. Үндістандық Дипак Дипак өте адуынды қарсылас. Бірақ оны 2021 жылғы әлем чемпионатында жеңген едім. Сол кездесу де ауыр өткен болатын. Осы жолы жарыс тәжірибесінің аздығы кесірін тигізді. Шаршы алаңда өзім ойлаған жоспарды толық орындай алмадым. Жеңілгенімді мойындаймын. Алла қаласа, бір жеңілістің артында мың жеңіс бар. Әлі талай халықты қуантамын", - деді Бибосынов.
Сөз арасында Сәкен жарақаты бола тұра өзінен кейінгі боксшыларға не үшін жол бермегенін айтты.
"Болгариядағы "Странджа" турниріне қатысуым керек болған. Жарақатыма байланысты бара алмадым. Әрине, менен бөлек, екінші-үшінші нөмірлі боксшылар бар. Оларға жол беруіме болатын еді. Көпшілікті сол сұрақ мазалайтын сияқты. Бірақ олар дайын емес екен. Венгриядағы турнирге екінші нөмірлі боксшымыз барып, Өзбекстанның үшінші-төртінші нөмірлі спортшысынан алғашқы кездесуде-ақ ұтылды. Менің салмағымдағы үшінші нөмірлі боксшы 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында барып, бірінші жекпе-жекте таиландтық қарсыласына жол берді. Ол таиландтық боксшыны мен жеңіп жүргем. Олар бабында болса, мен жолымды беретін едім. Барып, орын алады-ау деген ешкім болмағасын, өзім келдім", - дейді ол.
Сұхбат барысында Сәкен бұл жеңілістің өзіне өте қиын соққанын жасырған жоқ.
"Емім толық аяқталды, жарақаттан айықтым. Тек бабыма келіп үлгермей қалдым. Егер осы бірінші кездесуде жеңіске жетсем, әр жекпе-жек сайын бабыма еніп, сенімді қадам басар едім. Өкініш бар. Жеңіліс қатты тиді. Өзім жеңіп жүрген боксшылар жартылай финалға, финалға шығып жатқанда қиналдым. Хасанбайды да, француз боксшысын да ұтып жүрмін ғой. Бұрыштан қарап отырған қиын екен. Өзім шаршы алаңға шығып кеткім келді. Дегенмен, мен осы жеңілістен соң мықты болып ораламын. Ташкентте жаттығуды бастап кеттім. Шетелдік қарсыластармен спарринг өткізіп үлгердім. Алда Астанада "Елорда кубогі" турнирі өтеді. Сол сынға дейін тынбай дайындаламын", - дейді Сәкен.
Айта кетелік, Сәкен Бибосынов бокстан 2021 жылғы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2020914-saken-bibosynov-menen-zenilip-zurgen-zigitterdin-finalga-syqqanyn-korip-qatty-qinaldym/