Спорт

Зектілері

Елдос Сметовтің жеке бапкерінің айлығына 4 млн теңге қосылды

Жарияланған күні:

Елдос Сметов пен жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев
Елдос Сметов пен жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев: Olympic.kz

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев келесі Олимпиадаға дейін ай сайын 4 млн теңге қосымша жалақы алады. Осы аптада өткен Жамбыл облыстық мәслихатының сессиясында осындай шешім қабылданды, деп KAZ.NUR.KZ Kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Армрестлингтен әлем чемпионы Жарқынай Рахымбаева мен қола жүлдегер Серғали Әбілда, Париж Паралимпиадасының паражүзуден күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали мен бапкері Саттар Бейсембаевтың да келесі айдан бастап жалақысы өседі.

Жүлдегерлер жалақысының көтерілуі Жамбыл облысы әкімдігінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №262 қаулысына сәйкес жүзеге асты. Енді Жарқынай Рахымбаеваның бұған дейін алып келген жалақысына – 162 448 теңге, Серғали Әбілданың жалақысына – 81 244 теңге, Нұрдәулет Жұмағалидың жалақысына – 2 148 744 теңге, Саттар Бейсембаевтың жалақысына – 974 668 теңге қосылады.

Бапкер Саттар Бейсембаев осыған дейін 385 044 теңге жалақы алып келсе, Нұрдәулет Жұмағалидың жалақысы 1 271 812 теңге көлемінде болған. 

Париж Олимпиадасының чемпионы атанған дзюдошы Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевтің де жалақысына қыркүйек айынан бастап 4 млн теңге қосылды. Бұл Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының 2014 жылғы 28 шілдедегі бұйрығына сәйкес жүзеге асты. 

Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мамандары бұл спортшылардың әлемдік додаларда жүлде алуына байланысты жалақысына автоматты түрде қосылатын төлем екенін айтады. 

Айта кетейік, Елдос Сметовтың жалақысына әл-әзірге ешқандай ақша қосылған жоқ. Елдос Сметов облыс әкімінің қаулысына сәйкес ең жоғары жалақы – 2 684 000 теңге алады.

Енді Жамбыл облыстық спорт басқармасы қаулыға өзгерістер енгізіп, чемпионның да жалақысын көтеруге қадамдар жасап жатыр. Бұл келесі жылдан бастап іске асуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2177969-eldos-smetovting-zheke-bapkerining-ailygyna-4-mln-tengge-qosyldy/