
Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатында көкшетаулық "Арлан" клубы мен Атыраудың "Бейбарыс" командасы арасындағы матч жаппай төбелеске ұласты. Бірнеше спортшы полицияға жеткізілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Желіде "Арлан" мен "Бейбарыс" хоккей клубтары арасындағы матчта болған жаппай төбелестің кадрлары жарияланып жатыр. Instagram желісіндегі "Головой об лед" аккаунтында клубтардың жаттықтырушыларының жанжалға қатысқаны айтылып, аренадан видео жарияланды.
"Қорытынды сиренадан кейін бірден клубтардың жаттықтырушылары жанжалдаса бастады, бұл ойын трансляциясында байқалып қалды! Артынша жанжалға ойыншылар қосылды, ең таңғаларлығы, қызметкерлер де жанажалға араласып кеткен!
Атырауда көптеген жанкүйер түсірген кадрларда қызметкерлердің бірі (қай клуб екені белгісіз) ойыншыларды тыныштандырудың орнына, жерде жатқан ойыншыны соққыға жыққанын көруге болады", - делінген хабарламада.
Halyqstan Telegram-арнасы көкшетаулық команданы қонақүйге дейін арнайы жедел әрекет ету жасағы шығарып салуға мәжбүр болғанын жазады.
"Қорытынды сиренадан кейін мұз залының бірнеше жерінде бір уақытта төбелес болды.
Клубтардың жаттықтырушылары, қызметкерлері мен ойыншылары жанжалдасып қалды. Көрермендер хоккей алаңының сыртында қарсылас клубтардың екі хоккейшісінің төбелесіне ерекше назар аударған: "Бейбарысшы" "Арланшыны" құлатып, оны коньки киген аяғымен тебе бастады", - делінген жазбада.
NUR.KZ тілшісі түсініктеме алу үшін Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты.
"14 ақпан күні сағат 21:00 шамасында Мұз сарайының ғимаратында 21 жастағы екі хоккейшінің арасында өзара түсініспеушіліктен туындаған жанжал болды. Екі спортшы да полиция бөліміне жеткізіліп, бұзақылық жасағаны үшін оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жиналған материалдар сотқа жіберілді. Зардап шеккендер жоқ", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, кездесу барысында арландықтардың 0:4 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2221023-arlan-men-beibarys-hokkei-klubtary-arasyndagy-match-zhappai-tobeleske-ulasty-video/