"АҚШ-қа аттанады": туризм және спорт вице-министрі Шайдоровқа қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты жағдай туралы мәлімдеме жасады. Шенеунік келісімшартқа қол қойылып, мәселе шешілгенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Туризм және спорт вице-министрі ведомство атынан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың мәселесіне байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Ведомство өкілі Михаил Шайдоровты "отандық спорттың мақтанышы, өз есімін ел спортының тарихына алтын әріптермен жазған саңлақ" деп атады.
"Біз оны әрдайым қолдаймыз және халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз.
Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан келісімшарт мәселесіне тоқталсам – бүгінгі таңда келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды. Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді", - деді Серік Жарасбаев.
Сондай-ақ ол 5 маусымда Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанатынын мәлім етті.
"Сондай-ақ бірер күннен соң Михаил Шайдоров өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне келеді. Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз. Сонымен қатар елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде де пікір алмасамыз", - деді ол.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2382819-aqsh-qa-attanady-turizm-zhane-sport-vitse-ministri-shaidorovqa-qatysty-malimdeme-zhasady/