Туризм және спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне қатысты түсінік берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Туризм және спорт министрлігі өкілдері шахматшы Бибісара Асаубаеваның жалақысының үш есе қысқартылғаны туралы бейнеүндеуіне жауап ретінде жоспардан тыс брифинг өткізіп, оған қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Асаубаеваны қолдауға бөлінген қаражат туралы ақпарат берді.
"Жалпы өткен жылдармен салыстырғанда, Бибісара Асаубаеваның жобасына 2024 жылы халықаралық жарыстарға дайындық үшін тек Спорт және туризмді қолдау қоры арқылы 64 млн теңге бөлінді. 2025 жылы бұл сома 79 млн теңгеге, ал 2026 жылы 100 млн теңгеге жетті. Демек динамика айқын.
Сонымен қатар, айта кетерлігі, Федерация тарабынан да осындай қарқын көрінеді. Бұл біздің танымал спортшымыз Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстарға толық дайындалып, бақ сынай алуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ол мұны растап отыр", - деді вице-министр Серік Жарасбаев.
Ол Бибісара Асаубаеваның үш жыл қатарынан шахматтан әлем чемпионы атанғанын атап өтті.
"Мемлекет басшысы оны жоғары бағалап, екінші дәрежелі "Барыс" мемлекеттік наградасын беру туралы жарлыққа қол қойды", - деді вице-министр.
Сондай-ақ вице-министр Бибісара Асаубаеваның жалақысы не үшін үш есе қысқарып қалғанын түсіндірді.
"Иә, спортшы жалақыны Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы арқылы бюджеттен алды және қазір де алып жүр. 2024 жылға дейін оның жалақысы шамамен 1 млн теңге болған. 2025 жылдан бастап, өзі айтқандай, жалақысы қысқарды және мен мұны растаймын", - деді Серік Жарасбаев.
Оның айтуынша, бұл шахматтың басымдыққа ие 46 спорт түрінің тізіміне енбей қалғанымен байланысты.
"Былтыр біз жаңа заңнаманы қолданысқа енгіздік. Онда Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының бағдарламаларына кіретін спорт түрлері, ұлттық спорт түрлері, сондай-ақ Азия ойындарының бағдарламасына енетін олимпиадалық емес спорт түрлерінен 46 басым спорт түрі нақты белгіленген.
Өкінішке қарай, биылғы қыркүйек айында өтетін Азия ойындарының бағдарламасына шахмат енбей қалды. Осыған байланысты, біз заңнама талаптарына бағына отырып, оған бұрынғы алып жүрген жалақысын бұдан былай төлей алмаймыз", - деп түсіндірді вице-министр.
Бибісара Асаубаеваның жалақысына қатысты дау
Бұған дейін қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, бейнежазба жариялады. Ол қолдаудың жоғына шағымданып, жалақысы үш есе қысқартылғанын мәлімдеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2387019-turizm-zhane-sport-ministrligi-shahmatshy-bibisara-asaubaevanyng-malimdemesine-qatysty-tusinik-berdi/