jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Қазақстанда фитнес-жаттықтырушыларға қойылатын талаптар қатаңдатылады: министрлік түзетулер әзірледі

    гантель
    Гантель. Иллюстрациялық фото: Mike Harrington/Getty Images

    Туризм және спорт министрлігі Қазақстанда фитнес-клуб қызметкерлеріне арналған бірыңғай стандарттар әзірленгенін мәлімдеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Министрліктің мәліметінше, фитнес индустриясы мамандарына қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын белгілейтін "Фитнес-клубтардың қызметі" кәсіби стандартының жобасы әзірленген.

    "Құжаттың мақсаты – саладағы қызметті жүйелеу, фитнес қызметтерінің сапасын арттыру және дене шынықтыру мен халықты сауықтыру саласында еңбек ететін мамандарды кәсіби даярлауға бірыңғай тәсіл қалыптастыру", - делінген хабарламада.

    Кәсіби стандартта фитнес индустриясындағы негізгі мамандықтарға қойылатын біліктілік талаптары айқындалған. Атап айтқанда, фитнес-нұсқаушы, фитнес-жаттықтырушы, топтық бағдарламалар жаттықтырушысы, шебер-жаттықтырушы, фитнес бағытының әдіскері және фитнес-орталық директоры сияқты мамандарға қойылатын талаптар қарастырылған.

    "Әр мамандық бойынша еңбек функциялары, қажетті білімі, біліктілігі мен кәсіби дағдылары белгіленген. Бірыңғай талаптар мамандарды даярлау, олардың кәсіби құзыретін дамыту және біліктілігін бағалау жүйесін қалыптастырады.

    Жаңа стандарттың негізгі міндеттерінің бірі – фитнес-клуб келушілеріне көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру.

    Дене белсенділігін арттырып, денсаулығын нығайту мақсатында спортпен айналысатын азаматтар тиісті біліктілігі бар мамандардан кәсіби қолдау алуы қажет", - делінген хабарламада.

    Құжат фитнес индустриясының қазіргі қажеттіліктері мен сала өкілдерінің практикалық тәжірибесі ескеріле отырып әзірленген. Оны әзірлеуге Қазақ ұлттық спорт университетінің және танымал фитнес желілерінің өкілдері қатысқан.

    Бұйрық жобасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-мен және дене шынықтыру және спорт саласындағы кәсіби біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен келісілген.

    "Туризм және спорт министрлігі үшін фитнес индустриясын дамыту – ең алдымен, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Адам фитнес-клубқа келген кезде кәсіби қолдау алып, денсаулығын нығайтуға ықпал ететін қауіпсіз ортада жаттығуы керек. Мамандардың біліктілігіне қойылатын бірыңғай талаптар осындай кәсіби ортаны жүйелі түрде қалыптастырады", - деп мәлімдеді ведомство.

    Министрлік кәсіби стандартты әзірлеу – Қазақстанда мамандарға қойылатын талаптары айқын, қызмет сапасы мен қауіпсіздігіне басымдық беретін заманауи фитнес индустриясын қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі деп санайды.

    Қазақстанда фитнес-жаттықтырушыларға қойылатын талаптар қатаңдатылады: министрлік түзетулер әзірледі

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram