Боксшы Бейбіт Шүменов өзіне қатысты жарияланған ақпараттарға қатысты алғаш рет пікір білдірді. Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Боксшының айтуынша, қоғамдық орындағы ойын алаңқайында оның 8 жасар ұлын бейтаныс бала ұра бастаған.
"Менің 8 жасар ұлым сол күні балалар алаңында ойнап жүрді. Сол кезде басқа бір бала оны арқасынан еш себепсіз ұра бастады. Ұлым түсінбей қалды да, басқа жаққа ойнауға кетті. Бірақ әлгі бала бірнеше минуттан кейін қайта оралып, қайтадан ұлымды ұра бастады. Содан соң ер адам баласын алып кетті. Ал менің ұлым мұндай қарым-қатынасқа үйренбеген. Ол үшін бұл үлкен стресс болды. Келді де, бейтаныс баланың ұрған жерлерін көрсете бастады. Арқасы жырылған, қызарып кетіпті. Содан соң мен баланың әкесіне барып: "Менің ұлымды ұрған сенің балаң ба?", - деп сұрадым. Ол болса: "Иә, менің балам. Не істей аласың?", - деп агрессиямен жауап берді.
Оның бұл кейпі мені қатты ашуландырды. Баламды емін-еркін ойнау үшін қоғамдық орынға алып бардым. Алғашында оның жауабына қатты ашуланып, мойнынан ұстадым. Ол сол қолымен столдағы заттарды алып, шабуылдай бастады. Кейін қолындағы заттың пышақ еместігін білген соң, баласын тастап, оң қолымен пышақты алып, маған жұмсап үлгерді. Менің бұрылып кеткенім абырой болды.
Сіздер баламен тұрған еркекті аяп жатырсыздар. Ал оның баласын қорған қылып тұрғанын ойламадыңыздар ма? Мен кәсіби боксшымын, соққыларымды қайда жұмсау керектігін білемін. Содан соң біз Есіл аудандық полиция бөлімшесіне келдік. Балалардың анасы менен де, жұбайымнан да кешірім сұрады. Анасының айтуынша, ұлы аутизммен ауырғандықтан басқаларды себепсіз ұрып-тебуі мүмкін екен. Ұлдың анасы осылай айтқанда, мен қатты аядым. Балаларды қатты жақсы көрем, сондықтан оған сабыр тілеп, ұлының айығып кетуіне тілектестік білдірдім. Бәріміз жылы қоштастық.
Ал мен төбелесіп қалған ер адам сот медицинцалық сараптамадан өтті. Еш жері де жарақаттанбаған. Осы орайда, ер адамның қолында тұрып, осы бір келеңсіз жайттардың куәсі болған балақайдан кешірім сұрағым келеді", - деп жазды Шүменов.
Айта кетелік, бұған дейін Бейбіт Шүменовтің қоғамдық орындардың бірінде балалы ер адамды ұрғаны туралы видео таралған болатын.
Ішкі істер министрі орынбасарының сөзінше, ер адамның қолында болған бала зардап шекпеген, бірақ жәбірленуші тарап боксшыны қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2028371-uly-autizmmen-auyrady-beibit-sumenov-balaly-er-adammen-ne-usin-tobelesip-qalganyn-aityp-malimdeme-zasady/