Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Азия ойындарындағы алғашқы жеңісінен кейін сұхбат беріп, өз әсерімен бөлісті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Отандық боксшы алғашқы кездесудің айтарлықтай қиындық тудырмағанын жеткізді.
"Аллаға шүкір, бүгін бірінші жекпе-жекті жеңдік. Енді алда тағы кездесулер болады. Жеңіске жетуге ұмтылу керек. Ешкім жеңілу үшін келмейді ғой. Әр кездесуге толықтай дайындалып, жеңуге тырысамыз.
Ұтып жатқаннан кейін бапкерлерім "кішкене қимылда" деді. Үш раунд жақсы өнер көрсеттім ойлаймын. Келесі қарсыластарым екі жекпе-жек өткізіп үлгерген. Бүгін бірінші күн қиынырақ болады деп ойлап едім. Бірінші күн әркез қиын болады ғой.
Бірақ дайындығымның арқасында шаршамадым. Біз әр жарысқа үлкен еңбекпен келеміз. Бұл Азия ойындарында біз үшін лицензия беріледі. Сондықтан бұған психологиялық тұрғыда дайындалдық. Ең басты мақсат - лицензия жеңіп алу. Бәрін уақыт көрсетеді, - деді боксшы.
Айта кетейік, Назым Қызайбай Азия ойындарын жеңіспен бастады. Қазақстандық боксшы непалдық Таманг Сусманы айқын басымдықпен жеңді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2038355-sarsamadym-bokssy-nazym-qyzaibai-zenisinen-keiin-aserin-bolisti/