Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Боксшы Сәкен Бибосынов 3 жыл бұрын сыйға алған пәтерді өз атына рәсімдей алмай жүр

Жарияланған күні:

Сәкен Бибосынов
Сәкен Бибосынов. Фото: olympic.kz/Тұрар Қазанғапов

Бокстан әлем чемпионы, Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов Түркістан облысының бұрынғы әкімі табыстаған 2 бөлмелі пәтерді өз атына рәсімдей алмай жүр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сәкен Бибосынов Токио олимпиадасында қола жүлде еншілеп, елге оралған соң, Түркістан облысының сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеев 2 бөлмелі пәтер сыйлаған еді. Бірақ боксшының айтуынша, пәтер тек жалдау құқығымен рәсімделген. Ал келісім 2022 жылдың соңында аяқталған.

"Жалпы, әлем чемпионы болған өзге өңірдің спортшыларына 3 бөлмелі пәтер беріліп жатқанда, жалдамалы пәтерде жүргенім жаныма батады. Облыс әкімі болған Өмірзақ Шөкеев қызметінен кетті. Қазіргі әкіммен бұл мәселе туралы сөйлескен жоқпын. Дегенмен, облыстық спорт басқармасы әлі уәде берумен келеді. Бапкерім Мырзағали Айтжанов бұл жағдайдан хабардар. Бірақ ол кісіні бұл жайтқа кірістірімедім. Таяуда спорт қорының басшысы Азамат Қаршығаевқа бұл жағдайды айттым. Олар хат жазып, мәселені шешімін табуға көмектесеміз деп отыр. Ал қазір келіп менен пәтерді босат десе, мен ештеңе істей алмаймын. Себебі, берілген үйді мен атыма рәсімдей алмаймын", – деді әлем чемпионы.

Сәкен Бибосынов бұл жағдайды жергілікті билік өкілдеріне талай рет айтқан. Бірақ әлі де нәтиже жоқ. Боксшы енді БАҚ өкілдері мен Спорт қорынан үміт күтетінін алға тартты.

"Токио олимпиадасында Түркістан облысы бойынша мен жалғыз жүлдегер атанған спортшы болдым. Ал облыс жұрты мені қуана қарсы алып, әкімдіктегілер сол кезде уәдені берді. Көп күттірмей баспана да берді. Әрине, үйлі болғанға бәрі қуанады. Алайда менің қуанымның соңы уайымға ұласты. Себебі рәсімдеу заң бойынша мүмкін емес. Тіпті Түркістан облысынан Олимпиада жүлдегеріне мәрттік танытатын еш кәсіпкер болмағаны да өкінішті. Әрине, менде үміт жоқ емес. Бірақ жай ғана жарыстан орын алып келген спортшыға үй беріп жатқанда, менің жағдайым облыс үшін өте ұят нәрсе деп ойлаймын", – деді Сәкен Бибосынов.

Еске салайық, Сәкен Бибосыновқа 2 бөлмелі пәтер 2021 жылдың аяғында Түркістан қаласынан берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2054023-bokssy-saken-bibosynov-3-zyl-buryn-syiga-algan-paterdi-oz-atyna-rasimdei-almai-zur/