Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров WBO және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлымен бокс кешін өткізу туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жанқош Тұраровтың Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров Instagram-дағы ресми парақшасында Жәнібекпен түскен фотосын жүктеп, Қазақстанда тағы бір бокс кешін ұйымдастыру жайлы ойын айтты.
"Бауырым екеуміз бірігіп, елде үлкен бокс кешін ұйымдастырсақ, қалай қарайсыздар?", – деп жазды Жанқош.
2023 жылдың желтоқсанында Тұраров төрешілердің шешімімен жапониялық боксшы Акихиро Кондоны жеңген еді. Осы жеңісімен боксшы бірінші жартылай орта салмақ дәрежесіндегі IBO чемпиондық белбеуін қорғап, WBA Gold чемпионы атағын алған болатын. Кейін WBA рейтигінде 7-орынға көтерілді.
Ал Әлімханұлы соңғы рет рингке өткен жылы қазан айында шығып, неміс боксшысы Винченцо Гуальтьериді 6-раундта техникалық нокаутпен жеңіп, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2056130-zanqos-turarov-zane-zanibek-alimxanuly-qazaqstanda-kasipqoi-boks-kesi-otui-mumkin/