Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық бапкер Оман мемлекетінде бокс мектебін ашты

Опубликовано:

Омандағы бокс мектебі
Омандағы бокс мектебі. Фото: youtube.com/24kz

Түркістан облысы Кентау қаласының тумасы Олжас Паржанов Оман мемлекетінде бокс мектебін ашып, 160-қа жуық шәкірт жаттықтырып жүр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ 24KZ телеарнасының Youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бала кезінен боксқа әуес болған Олжас Паржанов еңбек жолын әскери қызметтен бастаған. Пәкістандағы әскери теңіз академиясында жүріп бокстан жарыстарға қатысқан. Кейін бапкерлік қызметке бет бұрып, осыдан бір жыл бұрын Арабия түбегінің шығысындағы Оман мемлекетінде бокс мектебін ашты. Қазір мұнда 160-қа жуық адам жаттығып жүр.

"Оманда бокс мектебін ашуды 2014 жылдан бері жоспарладым. Әр адам кез келген нәрсені бірінші болып ашуды армандайды. Қазақстанда бокс үйірмелері өте көп, бәсекелестік жоғары. Ал Оманда тек біздің бокс мектебіміз бар. Қазір бәсекелестер шығып жатыр, бірақ оларға бізге жетуге әлі ерте", – деді Паржанов.

Бокс клубына артық салмақтан арылғысы келетіндер де атақты былғары қолғап шебері болуды армандайтындар да баратын көрінеді.

"Біз бүкіл отбасымызбен АҚШ-тан Оманға көшіп келгенде бокспен айналыспақ болдық. Сонда бірде бір бокс үйірмесін таба алмадық. Дәл осы бокс клубы алғашқысы болып отыр. Бапкерлеріміз шебер, нөлден бастап үйретуге дайын. Қазір жай клуб емес, үлкен отбасы сияқтымыз", – деді әуесқой боксшы Аиша әл-Харти.

Олжас бастаған бапкерлер алдағы уақытта қазақ боксшыларын тәжірибе алмасуға шақырып, екі елдің спорт саласындағы әріптестігін нығайтпақ. Сөйтіп Оманның бокс федерациясын қайта ашып, дамытуды көздеп отыр. Бокстан Оман мемлекетінің құрамасы соңғы рет Олимпиадаға 1988 жылы қатысқан екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2064285-qazaqstandyq-bapker-oman-memleketinde-boks-mektebin-asty/

pixel