Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай Бусто Арсицио қаласында (Италия) өтіп жатқан әлемдік лицензиялық турнирді жеңіспен бастады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
80 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Нұрбек Оралбайдың турнирдегі алғашқы қарсыласы Гаити елінің өкілі Седрик Белони-Дюльепре болды. Бұл жекпе-жекте төрешілер жеңісті бірауыздан қазақстандық боксшыға берді.
Нұрбек Оралбай – бокстан 2023 жылғы әлем чемпионатының және 2018 жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің алтын медаль иегері, 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.
Еске салайық, осыған дейін Махмұд Сабырхан лицензиялық турнирдегі алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жеткен еді. Сондай-ақ Сәкен Бибосынов және бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Римма Волосенко да жарыстың алғашқы айналымынан сүрінбей өтті.
Айта кетейік, Италиядағы лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасының жолдамалары (ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21) сарапқа салынады. Бұл бәсекеге Қазақстаннан 11 боксшы аттанды. Былғары қолғап шеберлері Олимпиада лицензиясына ие болу үшін кем дегенде жартылай финалға дейін жетуі тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2064426-bokstan-alem-cempiony-nurbek-oralbai-licenziyalyq-turnirdi-zenispen-bastady/