Қазақстандық боксшы Сағындық Тоғамбай Бакуде (Әзербайжан) өтіп жатқан "Ұлы Жібек жолы" халықаралық турнирінің финалына жолдама алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан бокс федерациясының Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
92 келі салмақ дәрежесіндегі Cағындық Тоғамбай жартылай финалда Ресей өкілі Рамазан Ханалиевпен жұдырық түйістірді. Қазақстандық боксшы үш раундта да қарқынын бәсеңдетпей, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті.
Енді финалда Тоғамбай әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Әзербайжан азаматтығын алған кубалық боксшы Альфонсо Лорен Домингеспен жұдырықтасады.
Айта кетейік, бүгін, 26 наурызда тағы екі қазақстандық боксшы шаршы алаңға шықты. Бақтияр Смағұлов (67 келі) ширек финалдық кездесуін өткізіп, өзбек боксшысы Шавкатжон Болтаевтан жеңіліп қалды. Ал жартылай финалда жұдырықтасқан Бекзат Таңатар (86 келі) Әзербайжан өкілі Мұрат Аллахвердыевке есе жіберді.
Еске салайық, қазақстандық бес боксшы "Ұлы Жібек жолы" халықаралық турнирінің жартылай финалына шыққанын жазғанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2073678-bokssy-sagyndyq-togambai-xalyqaralyq-turnirdin-finalyna-otti/