Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы WBA белбеуінің иегері Куба өкілі Эрисланди Лараны жекпе-жекке шақырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Әлімханұлының X желісіндегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Кеше, 31 наурызда кубалық боксшы Эрисланди Лара кәсіпқой рингке қайта оралып, Аустралия өкілі Майкл Зерафаны нокаутпен жеңді. Осы жекпе-жектен соң Жәнібек Әлімханұлы бірден Лараға үндеу жасады.
"Лараның WBA титулы бар. Сұрақ: ол неге тағы екі титулды жеңіп алуға қызықпайды? Мен онымен кез келген жерде жұдырықтаса аламын. Неге басқа орта салмақтағы боксшылар мен сияқты титул қумайды? Бір титулдың иегері болудан не пайда? Түсінбеймін. Маған тағы екі атақ керек!" – деп жазды Жәнібек Әлімханұлы Х желісіндегі жазбасында.
Әлімханұлы 2023 жылдың 15 қазанында өткен соңғы жекпе-жегінде Германия өкілі Винченцо Гуальтиериді (21-1-1, 7 КО) алтыншы раундта нокаутқа түсіріп, WBO және IBF ұйымдарының чемпиондық белбеулерін жеңген болатын.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы Крис Юбенктің ұсынысын қабылдаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2076795-kez-kelgen-zerde-zudyryqtasa-alamyn-zanibek-alimxanuly-alem-cempionyn-zekpe-zekke-saqyrdy/