Бокстан әйелдер арасындағы спаррингтік турнирдің 54 және 66 кг салмақ дәрежесіндегі ширек финалдық кезеңі аяқталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
54 кг салмақтағы спаррингтің ширек финалында Жайна Шекербекова қарсыласы Балауса Мұздыманды айқын басымдықпен жеңді. Ал Ұлжан Сәрсенбек Элина Базаровадан басым түсті. Жас боксшы Сымбат Әлиасқар әлем чемпионы Дина Жоламанды ұтты. Ал Анель Сақыш Сәния Сұлтанқызын жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Жартылай финалда Анель Сақыш пен Сымбат Әлиасқар кездеседі. Екінші жартылай финал жекпе-жегінде Ұлжан Сәрсенбек пен Жайна Шекербекова жұдырықтасады.
66 кг cалмақ дәрежесіндегі спаррингтің ширек финалында Наталья Богданова Рио Олимпиадасының жүлдегері Дариға Шәкімованы жеңді. Жартылай финалда Богданова Милана Сафроновамен қолғап түйістіреді.
Еске салайық, 50 кг салмақ дәрежесінің финалында Назым Қызайбай Алуа Балқыбекованы жеңіп, Таиландтағы лицензиялық жарысқа жолдама алған еді. Ал ерлер арасында 63,5 кг салмақ дәрежесінің ширек финалында Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Ертуған Зейнуллиновтен басым түсіп, жартылай финалға өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2081039-bokstan-aielder-arasyndagy-sparringtin-zartylai-finalyna-otken-sportsylar-anyqtaldy/