Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Астанада 22 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтіп жатқан Азия чемпионатының келесі кезеңіне өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
67 кг салмақта сынға түсіп жатқан Төрехан қырғызстандық боксшы Рамзан Қадыровпен жұдырықтасты. 18 жастағы қазақстандық былғары қолғап шебері қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.
Айта кетейік, Төрехан – бокстан 2023 жылғы әлем чемпионы Махмұд Сабырханның інісі. Махмұд наурызда Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алған еді. Ал Төрехан Сабырхан 19 жасқа толмағандықтан Олимпиадаға іріктеу турнирлеріне қатыса алмайды.
Қазір бокстан Қазақстан құрамасының қоржынында Олимпиаданың 7 лицензиясы бар. Ерлер арасында Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (92 кг) жолдама иеленді. Ал әйелдер арасында Карина Ибрагимова (57 кг) лицензия жеңіп алған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2093399-mahmud-sabyrhannyng-inisi-ramzan-qadyrovty-tehnikalyq-nokautpen-zhengdi-video/