Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Назым Қызайбай Бангкокта (Таиланд) өтіп жатқан лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
50 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Назым турнирдің ширек финалында солтүстік кореялық Канг Су Хуангпен жұдырықтасты. Үш раундқа созылған бәсекеде қазақстандық боксшы 5:0 есебімен жеңді. Ол жекпе-жек барысында қарсыласын бір рет нокдаунға жіберді.
Айта кетейік, Назым Қызайбай – екі дүркін әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы.
Осыған дейін тағы бір қазақстандық боксшы Валентина Хальзова (75 кг) колумбиялық қарсыласын жеңіп, Олимпиада жолдамасына қол жеткізген еді.
Бүгін, 2 маусымда ерлер арасында Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да лицензия үшін жұдырықтасады. Ол 63,5 кг салмақ дәрежесінде молдовалық Александру Парасчивке қарсы жекпе-жек өткізеді.
Қазір Қазақстан қоржынында бокстан Париж Олимпиадасының 9 лицензиясы бар (ерлер – 6, әйелдер – 3) бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2110953-nazym-qyzaibai-olimpiadaga-zholdama-zhengip-aldy/