Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Баходир Жалолов оқ ататын нысана емес": белгілі бапкер Қамшыбекке өзбек боксшысын жеңудің жолын айтты

Жарияланған күні:

Бахадүр Жалолов пен Қамшыбек Қоңқабаев
Бахадүр Жалолов пен Қамшыбек Қоңқабаев. Фото: Қазақстан бокс федерациясы

2000 жылы Сидней Олимпиадасына бокстан Қазақстан құрамасын бастап барған белгілі бапкер Тұрсынғали Еділов Қазақстан боксшысы Қамшыбек Қоңқабаевқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sportarena сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандық бапкер аса ауыр салмақта өнер көрсететін боксшы Қамшыбекке қарсыласы Жалоловқа қарсы қандай әзіс қолдану керек екенін айтты. Сонымен қатар қазіргі бапкерлер жайлы пікірін айтып, Қамшыбектің бокс өнеріне тоқталды.

"Қамшыбекте өткен жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының ширек финалында Жалаловты жеңуге нақты мүмкіндігі болды. Неліктен мен бұлай айтып отырмын? Себебі, Баходир боксшы ретінде өзіне өте жауапты. Содан кейін бұл жекпе-жек кәсіби бокстағыдай өтті. Ол рингке қарай жүргенде мен Баходирдің қаншалықты қысылғанын көрдім. Бұл жерде біздің жаттықтырушыларымыз мұны байқап, Қамшыбектің үздіксіз шабуылдауын талап етуі тиіс еді. Бірақ ол тек үшінші раундта ғана осыған мән берді. Әрине бұл кезде бәрі кеш еді. Өзбек боксшысы жекпе-жектен кейін оған бұл айқас психологиялық тұрғыдан аса қиын болғанын мойындады. Бәрі одан тек жеңісті күтті. Ал жалғыз ғана мықты қарсылас сол кездері Қамшыбек еді. Бірақ осыдан кейін ол тек күшейе түсті. Былтырғы Азиаданың финалында қаншалықты сенімді болғанын есіңізде ме? Керісінше, Қоңқабаев қысылып қалды", - деді Тұрсынғали Еділов.

Тұрсынғали Еділовтің сөзінше, ұлттық құрамадағы бапкерлердің жұмысы маңызды. 

"Сиднейде Мұхтархан Ділдәбековтің боксын алып қараңыз. Соның алдында кубалықтардан қазақ боксшылары қорқады деген әңгіме болды. Бұл шындық еді. Ширек финалда Кубаның алыбы Рубалкабаны тырп еткізбеді. Сол кезде қазақстандық боксшылар оларды ұруға болатынын білді. Бұл жерде айтпағым, Жалолов өте мықты. Ал Қамшыбекте оған қарсы мүмкіндік көп. Егер оны жарысқа дұрыс дайындап, физикалық және психологиялық тұрғыда реттесе, ол Жалоловтан ұтылмас еді", - дейді Еділов. 

Еділов Қоңқабаевқа жекпе-жек алдында жеңіске жетудің аса маңызды екенін айтып, шабуылды бірінші раундтан бастап қолға алу керектігін алға тартты.

"Мен құраманы жаттықтырмаймын. Бірақ іштегі жағдай сыртқа анық көрініп тұр. Соңғы өткен жекпе-жекте Қоңқабаев Жалоловқа екі раунд бойы мүмкіндік беріп қойды. Тек үшінші раундта ғана шабуылға шықты. Баходир оқ ататын нысана емес және олай болмайды да. Қазіргі жағдайда оны әуесқой бокстан бір соққымен құлату мүмкін емес. Сондықтан Қамшыбекке бірінші раундтан бастап жұмыс істеу керек. Сол арқылы төрешілерге жеңіске жеткеніңді көрсету қажет", - деді белгілі бапкер.

Айта кетейік, тек Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары ерлер арасындағы бокстан барлық 7 салмақ дәрежесінде Олимпиада жолдамасын еншіледі. Ал әйелдер боксынан Аустралия, Қытай, Ирландия құрамалары Парижде толық құрамда өнер көрсетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2112606-bahodir-zhalolov-oq-atatyn-nysana-emes-belgili-bapker-qamshybekke-ozbek-boksshysyn-zhenguding-zholyn-aitty/