Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Париж Олимпиадасы: боксшы Сәкен Бибосыновтың басты қарсыластары кім

Опубликовано:

Сәкен Бибосынов
Сәкен Бибосынов. Фото: kfb.kz

Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Париж Олимпиадасында 51 кг салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайды. Оның қарсыластарының арасында тәжірибелі боксшылар жетерлік, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Бибосынов Токио Олимпиадасының жартылай финалында британиялық Галал Яфайға есе жіберіп, қола жүлде еншілеген еді. Бұл Олимпиадада Сәкен әлеуетін байқатып, техникасымен тәнті қылды. Ол қазіргі таңда 51 кг cалмақтағы Олимпиаданың басты фавориттері қатарында. 

Сәкеннің бәсекелестері арасында, әсіресе, өзбекстандық Хасанбай Досматов әккі қарсылас саналады. 2016 жылы Олимпиада чемпионы атанған ол екінші алтынына қол жеткізуден үміттеніп отыр. Досматов 2023 жылы өз елінде өткен әлемдік сында топ жарды. Сол бәсекеде Бибосынов үндістандық Дипактан жеңіліп қалған еді.

Есесіне, 2021 жылғы әлем біріншілігінде Сәкен Хасанбайды да, Дипакты да жарыс жолынан шығарып, чемпион атанған. Соңғы Азия ойындарында Досматов есе қайтарып, 1/8 айналымда Бибосыновтан басым түсті. 

Олимпиада қожайыны Біләл Беннама да үздіктер қатарында. Ол 2019 және 2021 жылғы әлем чемпионаттарының қола жүлдегері. Біләл мен Сәкен 2020 жылғы Олимпиада ойындарында кездесіп, Бибосынов 5:0 есебімен жеңіске жеткен.

Мамандар арасында Роск Хиллден жақсы бокс күтетіндар бар. Америкалық боксшы Олимпиада лицензиясын Таиландтағы ең соңғы әлемдік турнирде иеленді. Сәкен Бибосынов Хиллді 2021 жылғы әлем чемпионатының финалында ұтқан.

Сәкен Бибосынов
Сәкен Бибосынов. Фото: olympic.kz

Хилл Олимпиада жолдамасын Италиядағы іріктеу турнирінде де иеленуі мүмкін еді. Алайда, ол әзербайжандық Нижат Гусейновтен жеңіліп қалды. Гусейнов бұрын 54 кг cалмақта жұдырықтасып, енді Бибосынов дивизионына ауысқан. Жас боксшы Әзербайжан құрамасының үздігі саналады және оған көпшілік үлкен үміт артып отыр. Парижде ол қарсыластарына бірталай қиындық тудыратыны анық. 

Үндістандық Амит Пангалды да қатардан шығаруға болмайды. Ол Сәкенмен талай кездесіп, 2019 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында төрешілер шешімімен ұтып кеткен еді. Кейін Амит 2021 жылғы Азия чемпионатының жартылай финалында Бибосыновты жеңіп кетті. 

Таиландтық Титисан Панмодтың мықтылығын да ұмытпау  керек. Ол Ханчжоудағы Азия ойындарында финалға дейін жетіп, Хасанбай Досматовқа қана жол берді. 

Бұдан бөлек Джуниор Алькантара (Доминикан), Майкл Триндаде (Бразилия), Юсуф Чотия (Австралия) немесе биылғы Еуропа чемпионы, түркиялық Самет Гюмюш те бар. 

Еске салайық, Парижде (Франция) өтетін жазғы Олимпиада ойындарындағы бокс бәсекелерінің толық кестесі жарияланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2116653-parizh-olimpiadasy-boksshy-saken-bibosynovtyng-basty-qarsylastary-kim/