Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бокстан әйелдер арасында алғашқы жекпе-жегін өткізген Валентина Хальзованың жеңілісіне спорт жанкүйерлері күмәнмен қарағаны анық. Осыған орай ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалинмен арнайы тілдесіп, шағын сұхбат алып үлгерді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әлеуметтік желіде "қазақстандық Валентина Хальзова мен Панама боксшысы Атеина Бибечи Билон жекпе-жегінде төрешілер бұра тартты" деген пікірлер көптеп тарала бастады. Десе де бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бапкері төрешілер тарапынан ешқандай бұра тарту болған жоқ деп есептейді.
"Төреші кімнің қолын көтерді, сол жеңді. Кез-келген спортшы, кез-келген боксшы даусыз, таза жеңіске жету үшін, қарсыласын айқын басымдықпен ұту керек. Сонда ғана ешкім күмәнданбайды.
"Менде шағым жоқ. Хальзова өзі де жекпе-жектен кейін тілшілерге берген сұхбатында қалай бокстасқанын, қай жерден қандай қателік жібергенін айтып берді ғой. Енді бұл тақырыпқа қайта оралудың керегі жоқ деп ойлаймын", - деді Елдос Сейдалин.
Айта кетейік, осыған дейін Қамшыбек Қоңқабаев, Асыланбек Шымбергенов және Махмұд Сабырхан Олимпиада ойындарын мерзімінен бұрын аяқтаған болатын. Енді олардың қатарына Хальзова да қосылды.
Сондай-ақ осыған дейін ерлер арасында Нұрбек Оралбай, 51 келіде Сәкен Бибосынов, 63,5 келіге дейінгі салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы ширек финалға шықты. Ал әйелдер арасында Назым Қызайбай алғашқы жекпе-жегін сәтті бастады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2142924-qazaqstan-quramasynyng-bas-bapkeri-dausyz-zhengiske-zhetu-ushin-aiqyn-basymdyqpen-utu-kerek/