Париж Олимпиадасы аясында бокс бәсекесінен 63,5 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы ширек финалдағы кездесуін өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Франция астанасы Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындары аясында бокс бәсекесінен 63,5 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/4 финалда грузиялық спортшы Лаша Гурулимен қолғап түйістірді. Нәтижесінде Мұхаммедсабыр 3:2 есебімен жеңіліп қалды. Енді Гурулидің жартылай финалдағы қарсыласы кубалық Альварес болады.
Еске салайық, 21 жастағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/8 финалда тайбэйлік спортшы Чу Ен Лаймен жұдырықтасып, 3:2 есебімен жеңіске жеткен еді.
Айта кетейік, Франция астанасы Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызға дейін өз жалғасын табады. Қазіргі уақытта ел қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар. Ал осыған дейін бокстан ерлер құрамасының 4 спортшысы жеңіліп, жарыс жолын аяқтаған еді. Сонымен 75 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен боксшы қыз Валентина Хальзова 1/8 финалда Панама өкілі Атейна Билонмен жұдырықтасып, 4:1 есебімен жеңілген еді.
- Александр Еременко алғашқы айналымнан аса алмады
- Париж Олимпиадасы: Айбек Оралбай жартылай финалға шыға алмады
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2143417-21-zhastagy-qazaqstandyq-boksshy-olimpiadanyng-zhartylai-finalyna-shyga-almady/